Ақ үй Ресейге қарсы ең қатаң санкциялар пакетін қабылдағанын мәлімдеді

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Ресейге қарсы экономикалық қысымды күшейтуге бағытталған масштабты санкциялар пакетін қабылдады. Енді Дональд Трампқа қол қоюға жіберілді. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасаған Kursiv Media хабарлайды.
Заң жобасы Ресейдің энергетикалық және қорғаныс секторларына, сондай-ақ танкерлердің «көлеңкелі флотына» қарсы санкцияларды қарастырады. Құжатқа сәйкес, ресейлік танкерлер бұған дейін Еуроодақ, Ұлыбритания немесе басқа да америкалық одақтастардың «қара тізіміне» іліккен болса, АҚШ оларды қосымша тексерусіз-ақ өз санкциялық тізіміне бірден қоса алады.
Заң жобасын ұсынушылардың сөзінше, бұл қадам Ресейдің мұнай мен газдан табатын пайдасын азайтып, соғысты қаржыландыруын шектеу үшін жасалып отыр. Егер құжат нақты қабылданса, Трамп билікке қайта келгеннен бергі Вашингтонның Мәскеуге бағытталған ең алғашқы әрі ең қатаң санкциясы болмақ.
Заң жобасына демократтардың қарсылығы бар
Өкілдер палатасында құжатты 262 конгрессмен қолдап, 159-ы қарсы дауыс берді. Дегенмен бірқатар демократтар заң жобасына қарсы шықты.
Біріншіден, олардың пікірінше, құжат Трампқа шектен тыс кең өкілеттік береді. Яғни президентке АҚШ-тың одақтас елдеріне де өз бетінше жоғары тарифтер енгізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Екіншіден, демократтар Трампта Ресейге санкция салуға қажетті тетіктердің онсыз да бар екенін, бірақ ол бұл құқығын қолданғысы келмей отырғанын алға тартады.
Әзірге Трамп құжатқа қол қойған жоқ. Президент қол қойғаннан кейін заң жобасы 30 күн ішінде күшіне енеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық компания АҚШ-тың Иран авиациясына салған санкциясына ілікті