Көкшетау соты әкімшілігінің басшысы қайтыс болуына қатысты іс қозғалды

Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Полиция оқиғаны Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тергеп жатыр. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.
Марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, объективті және тәуелсіз тексеруді талап етіп отыр. Отбасының айтуынша, Аянға тұрақты түрде моральдық және психологиялық қысым көрсетілген. Сондай-ақ, оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылып, кейін қызметтік пәтерден мәжбүрлі түрде шығару мәселесі көтерілген.
Аян Дүйсековтің артында жас әйелі мен екі кішкентай баласы қалды.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеде оқушы төбелес кезінде пышақ жарақатынан қаза тапқан еді.