Орындықтары төсекке айналады: Li Auto жаңа флагмандық кроссоверін сатылымға шығарды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Li Auto i9 / Фото: Li Auto, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қытайдың Li Auto компаниясы флагмандық i9 электркроссоверін таныстырды. Салон төрт адамға есептелген, орындықтарда «нөлдік гравитация» режимі қарастырылған. Көлікке екі электр қозғалтқышы орнатылып, бір қуатта 705 шақырымға дейін жүре алады.

Ең аэродинамикалық SUV

Фото: Li Auto, бильд-редактор: Дастан Шанай

Li Auto компаниясы i9 моделін әлемдегі сериялық өндірілетін ең аэродинамикалық кроссовер деп атайды. Көліктің аэродинамикалық кедергі коэффициенті 0,215. Бұл туралы КурсивАвто CarNewsChina-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Автокөліктің өлшемдері – 5225×1970×1752 мм, ал дөңгелек базасы – 3168 мм. Бұрылу диаметрі 10,6 метрді құрайды. Бұған электронды руль жүйесі мен артқы дөңгелектердің бұрылуына мүмкіндік беретін жүйе әсер етеді.

Қонақ бөлмесіндей салон

Фото: Li Auto, бильд-редактор: Дастан Шанай

Салонның басты ерекшелігі – «нөлдік гравитация» режимі бар төрт орындық. Олардың барлығын бір уақытта демалуға ыңғайлы қалыпқа келтіруге болады. Артқы орындықтардың өлшемі толыққанды әрі оларды екі бағытта бұруға мүмкіндік бар.

Салонда үстел де қарастырылған. Сонымен қатар көлік 10 литрлік тоңазытқышпен, 29 динамигі бар аудиожүйемен, 6K ажыратымдылығы бар 29 дюймдік алдыңғы экранмен және 4K форматындағы 21 дюймдік артқы дисплеймен жабдықталған.

Екі электр қозғалтқышы және қуаттаусыз 705 км жүріс қоры

Фото: Li Auto, бильд-редактор: Дастан Шанай

Li Auto i9 екі электр қозғалтқышымен және толық жетекті жүйемен жабдықталған. Қозғалтқыштардың жалпы қуаты 400 кВт (536 ат күшіне) жетеді, ал айналу моменті – 660 Н·м. Кроссовер 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 4,9 секундта үдейді.

Көлікке сыйымдылығы 101 кВт·сағ аккумулятор орнатылған. Ол CLTC циклі бойынша 705 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Өндірушінің мәліметінше, жылдам қуаттау арқылы 10 минутта 500 шақырымға жететін жүріс қорын толықтыруға болады.

Төрт лидар және 11 қауіпсіздік жастығы

Embodied Intelligence кешеніне екі M100 есептеу чипі, төрт лидар және Mach VLA жүргізушіге көмек көрсету жүйесі кіреді. Пассивті қауіпсіздік үшін көлікке 11 қауіпсіздік жастығы орнатылып, шанақ конструкциясы күшейтілген.

Алғашқы көліктер CATL аккумуляторларымен шығарылады. Кейін Li Auto өзі әзірлеген аккумуляторларға көшуді жоспарлап отыр. Оларды Sunwoda компаниясы өндіреді.

Қытайда Li Auto i9 бағасы 370 мың юаньнан басталады. Бұл шамамен 24,7 млн теңге. Көліктің сатылымы басталып кетті.

Еске салайық, Қазақстанда алдағы жылдары Li Auto, OMODA, JAECOO және SITRAK маркалы көліктер шығарыла бастайды. Сонымен қатар BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларының желісі дамытылады. Бұл жоспарлар 2028 жылға дейінгі автомобиль өнеркәсібін дамыту аясында жүзеге аспақ. 

Сондай-ақ оқыңыз