Ұлдана Мырзуан соты: қасбеті құлаған үйді салған компанияға неге іс қозғалмады

Астанада қызмет барысында қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сот жалғасып жатыр. 2026 жылдың 17 қыркүйегіндегі сот отырысына қылмыстық іс аясында тергеу жүргізген полиция капитаны Аяжан Нүсіпбекова келді.
Айта кетейік, тұрғын үйдің қасбеті құлап, салдарынан бес адамның зардап шеккеніне Сәуле Жұбаниязова кінәлі деген айып тағылған. Әйел апат болған уақытта тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігінің төрағасы қызметін атқарған. Сотталушының адвокаты істі тергеген полиция капитанына бірнеше сұрақ қойды.
Сотталушының адвокаты Даурен Еслямбеков тергеуші Аяжан Нүсіпбековадан мүлік иелері бірлестігінің төрағасының нақты қандай әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алатын еді деп сұрады.
«Менің көзім нашар көреді, бірақ оқиға орнына барған кезде екінші және үшінші қабаттағы қабырғаның жарылғанын көрдім. Жұбаниязова алты ай ішінде бір рет жиналыс өткізіп, үйдің ішін қарамаған, қабырғаның неге мұндай күйде екенін анықтау үшін сарапшыларды шақырмаған», – деді тергеуші Аяжан Нүсіпбекова.
Тергеушінің айтуынша, 278-баптың 2-бөлігі (сапасыз салынған құрылыс) бойынша тіркелген қылмыстық іс 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодекс аясында қаралған. Заң 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген.
«Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықты белгілейтін, жауапкершілікті күшейтетін немесе адамның жағдайын өзге де жолмен нашарлататын қылмыстық заңның кері күші болмайды.
Яғни, бұл үй 2005 жылы пайдалануға берілген. 6-баптың талаптарына сәйкес, заңның кері күші жоқ болғандықтан, құрылыс салушыға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды», – деді тергеуші.
Демек, 2005 жылы салынған және пайдалануға берілген үйге қатысты 2015 жылдан кейін күшіне енген осы норманы қолдану мүмкін емес деген қорытынды жасалған.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 8 қарашада Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлап, көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер түскен. Олардың бірі – Ұлдана Қалдырханқызы 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.
Қайғылы жағдай болған үй Тәуелсіздік, 24Б мекенжайында орналасқан. Көпқабатты үй 2017 жылы тексеруден өткен.
Кірпіштен салынған үйдің опырылып түскен қасбетінің орны пенопласпен қапталған. Үй тұрғындары тоғыз айдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне наразы.