Жаңа дизайн-код бекітілді: Астанада жаңа тұрғын үй кешендері қандай болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Астанада ғимараттардың, соның ішінде тұрғын үй кешендерінің сыртқы келбетіне қойылатын жаңа талаптар енгізілді. Қаланың жаңа дизайн-коды 11 қыркүйектен бастап күшіне енді. Енді құрылыс салушылар жаңа жобаларды әзірлеу кезінде дизайн-код талаптарын ескеруі тиіс. Бұл туралы Kursiv.media Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ал бұрыннан салынған үйлерге қойылатын талаптар кезең-кезеңімен енгізіледі. Мысалы, ғимараттың қасбетін дизайн-код талаптарына күрделі жөндеу жүргізу кезінде сәйкестендіру қажет болады.

«Дизайн-код жаңа нысандарға қойылатын талаптарды белгілейді. Ал қолданыстағы ғимараттар жөндеу, жаңғырту және қасбеттерін жаңарту барысында бұл талаптарға біртіндеп сәйкестендіріледі», – деп түсіндірді Krisha.kz сайтына Астана урбанистика орталығы директорының орынбасары Данияр Чиндалиев.

Қасбеттерге қойылатын талаптар

Қаптау материалдары

Ғимарат қасбетін әрлеу кезінде үштен артық негізгі қаптау материалын қолдануға болмайды. Олар бір-бірімен фактурасы жағынан үйлесуі тиіс.

Рұқсат етілген материалдар:

  • табиғи тас;
  • сәулеттік бетон;
  • шыны фибробетон;
  • фиброцемент панельдері;
  • клинкер және керамика;
  • алюминий қасбет жүйелері;
  • сәулеттік шыны;
  • ағаш.

Қолдануға тыйым салынған:

  • профнастил;
  • асбестцемент парақтары;
  • ПВХ-сайдинг;
  • бекіткіштері ашық сэндвич-панельдер;
  • сылақ;
  • баннер матасы;
  • тас, кірпіш немесе ағашты имитациялайтын пластик панельдер;
  • қасбеттің көрінісін шамадан тыс ала-құла ететін өзге де материалдар.

Түсіне қойылатын талап

Қасбеттің түсі бекітілген түстер картасынан таңдалуы керек.

Негізгі түс қасбеттің кемінде 60%-ын қамтуы тиіс. Қосымша түске 30%-дан, ал ашық акценттік түске 10%-дан артық орын берілмейді.

Негізгі түс ашық, бейтарап немесе бәсең реңкті болуы керек. Ал қанық түстерді кіреберіс бөліктері, ойықтар немесе сәндік элементтер сияқты жекелеген бөлшектерге ғана қолдануға рұқсат етіледі.

Терезелер мен балкондар

Бір қасбеттегі терезе профильдерінің түсі, жақтауларының үлгісі және терезе блоктарының пішіні бірдей болуы керек. Балкондар мен лоджияларға да бірыңғай әйнектеу түрі қарастырылады.

Яғни жаңа ғимаратта бір үйдегі балкондардың бір бөлігі ақ профильмен, екіншісі қоңыр профильмен әйнектеліп, ал қалғаны ашық күйде қалуына жол берілмейді.

Қабырғалар

Ұзын әрі тұтас қабырғаларға да тыйым салынады. Негізгі және қосалқы көшелерге қарайтын қасбеттерде ұзындығы 40 метрден асатын бөлінбеген тұтас учаскелерді жобалауға болмайды.

Сәулетшілер мұндай қасбеттерді пилястрлар, эркерлер, әйнектеудің әртүрлі үлгілері және басқа да сәулеттік элементтер арқылы бөліп көрсетуі тиіс.

Тағы бір маңызды талап – қасбеттің түсі, қолданылатын материалдары және элементтердің орналасу схемасы қасбет паспортына енгізілуі керек. Бекітілген паспортсыз ғимараттың сыртқы келбетін өз бетінше өзгертуге болмайды.

Талаптар кімдерге қатысты

Бұл талаптар А және Б санатындағы ғимараттарға қолданылады.

  • А санаты – мектептер, ауруханалар, мәдениет және әкімшілік нысандар, сондай-ақ ірі қалалық магистральдардың бірінші желісінде орналасқан ғимараттар.
  • Б санаты – көппәтерлі тұрғын үй кешендері, кеңселер, сауда орталықтары және қонақүйлер.

Аталған құжат «Елорданың мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заң күшіне енгеннен кейін әзірленген.

Сондай-ақ оқыңыз