ЖИ кесірінен адамдар су мен жылусыз қалуы мүмкін – БҰҰ дабыл қақты

Жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр, ал оның қауіптері әлі толық зерттеліп үлгерген жоқ. БҰҰ мемлекеттер мен технологиялық компанияларды жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты ортақ ережелерді шұғыл қабылдауға шақырды. Ұйым мұны технологияның салдары ушығып болып кетпей тұрып жасау қажет екенін айтты.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жасанды интеллект өте жылдам жатқанын, ал оның қауіптері әлі толық зерттелмегенін атап өтті. Тіпті оның салдары неге әкелетінін де болжауға мүмкіндік бермей жатыр. Оның пікірінше, жасанды интеллектті тек жекелеген мемлекеттер деңгейінде реттеу жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Ұлттық деңгейде қабылданатын шаралардың маңызы зор. Алайда жаһандық деңгейде бірлесіп әрекет ету қажет. Өйткені шекаралар жасанды интеллектті де, онымен байланысты қауіптерді де тоқтата алмайды», – деп атап өтті Гутерриш.
Инфрақұрылымға қауіп төніп тұр
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк жасанды интеллектке негізделген автономды жүйелерді қолданудың ықтимал салдарына да назар аударды.
Оның айтуынша, мұндай жүйелердің істен шығуы маңызды инфрақұрылымның жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Соның салдарынан адамдардың таза суға, жылуға және қаржылық қызметтерге қол жеткізуі қиындауы ықтимал.
Сонымен қатар жасанды интеллектке байланысты кейбір қауіптер қазірдің өзінде байқала бастады. Тюрк адамдардың жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін бақылау құралдарының қолданылып жатқанына назар аударды.
Бұдан бөлек, автоматтандыру халықтың осал топтарына кері әсер етуі мүмкін. БҰҰ тағы бір қауіп ретінде жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған ақпараттың таралуын атады. Мұндай ақпарат қоғамдық пікірталастарға ықпал етуі мүмкін.
Жасанды интеллект әзірлеушілеріне талап күшеймек
Фолькер Тюрк жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі мен адам құқықтарына сәйкестігін міндетті түрде тексеруді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай тексерулер тәуелсіз жүргізіліп, мамандарға жасанды интеллект модельдері мен оларды сынау туралы қажетті ақпаратқа қолжетімділік берілуі керек.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тағы бір қауіпке назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттер мен технологиялық компаниялар жасанды интеллектті дамытуда алға шығу үшін қауіпсіздік талаптарын әлсіретуі мүмкін.
БҰҰ ортақ ереже енгізуді ұсынады
БҰҰ жасанды интеллектті тек ұлттық деңгейде реттеу жеткіліксіз деп санайды. Себебі технология мен оның қауіптері мемлекеттік шекарамен шектелмейді.
«Бірде-бір мемлекет бұл технологияны өз бетінше реттей алмайды. Сондай-ақ ешбір компания әлем қандай қауіптермен келісуі керек екенін жалғыз өзі шешпеуі тиіс», – деді Фолькер Тюрк.
Ұйым халықаралық ортақ ережелерді қазірден бастап әзірлеуге шақырды. БҰҰ-ның бағалауынша, жасанды интеллекттің қазіргі даму кезеңінде қабылданатын шешімдер бүгінгі қолданушыларға ғана емес, болашақ ұрпаққа да әсер етуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: OpenAI GPT-6 Astra моделін таныстырды