Мәскеу–Астана рейсінде жанжал шығарған шетелдік 12 тәулікке қамалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Мәскеу–Астана рейсінде жанжал шығарған шетелдік 12 тәулікке қамалды / Фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Мәскеу–Астана бағытындағы ұшақта жанжал шығарған жолаушы елге келген соң үйіне емес, уақытша ұстау орнына жіберілді. Ол 12 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv Media.

Polisia.kz ақпаратына сүйенсек, оқиғаға қатысты ер адамның шетел азаматы екені анықталды. Астана әуежайына қонғаннан кейін оны көліктегі полиция қызметкерлері қабылдап алды.

«Көліктегі полиция қызметкерлері 36 жастағы шетел азаматының алкогольдік мас күйде қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады. Ол экипаж мүшелерінің талаптарын орындамай, басқа жолаушыларға балағат сөздер айтқан», – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Сот ер адамға 12 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оның өткен бір жыл ішінде алкоголь ішкені үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Полиция ұшақ бортындағы тәртіп ережелерін бұзу және экипаж талаптарына бағынбау заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Айта кетейік, осыған дейін 3 қыркүйекте Алматыдан Ақтауға ұшатын рейстегі жолаушы бомба туралы әзіл айтқаны үшін түсірілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз