«Оңбаған болмаңдар»: Дәурен Абаев жастарға кеңес берді (видео)

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестиваліне қатысты. KursivMedia Абаевтың жиын барысында жастарға қандай кеңес бергеніне тоқталды.
Фестивальде Қазақстан атынан еліміздің барлық өңірінен жиналған 100-ге жуық адамнан тұратын делегация қатысқан. Kaztourism хабарлауынша, Дәурен Абаев жастарға бірнеше кеңес берген.
«Ең алдымен оңбаған (сволочь) болмаңдар дер едім. Егер «жақсы адам болыңдар» десем, есте сақтамауларың мүмкін. Оңбаған болмау – өте маңызды дағды, керек қасиет», – деді Абаев.
Елші берген екінші кеңес – өз ісіңде кәсіби маман болу.
«Қандай іспен айналыссаң да, міндетті түрде кәсіби маман болуың керек», – деген елші.
Үшінші кеңес – әлеуметтік капиталды арттыру. Абаевтың айтуынша, сабақпен қатар студенттер басқа да істермен айналысуы керек.
«Өз тәжірибемнен қарапайым мысал келтірейін. Университетте оқып жүрген кезде сабақтан бөлек қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Университетте студенттер кәсіподағы комитетінің төрағасы болдым. Бұл 4-5 курс кезі еді. 1997-1998 жылдары Қазақстанда КВН-нан жеңімпаз болдық. Футбол ойнадым, спортпен айналыстым.
Университетті тәмамдаған кезде қаншама адаммен таныс болғанымды елестетіп көріңіздер», – деді Дәурен Абаев.
Сөзінше, студент кездегі уақытты барынша тиімді пайдаланған жөн.
Айта кетейік, Дәурен Абаев 2023 жылы Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.