Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды

Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесі ұйымдастырушысының бас бостандығы екі жылға шектелді, деп жазады Kursiv Media.
Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың долларға дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған. Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні және жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген.
Алайда виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған.
Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған.
«Жедел іс-шаралар нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды, бұл 212 млн теңгеге тең», – деп хабарлады агенттік.
Сот үкімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.