Елде пияз, картоп және қант арзандады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады. Бір аптада пияздың бағасы 5,1%-ға, картоп 3%-ға, қант 0,7%-ға төмендеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Сонымен қатар сәбіз 2,4%-ға, ақ қырыққабат 2,3%-ға, алма 1,1%-ға, сүзбе мен тауық еті 0,4%-ға арзандаған. Ал нан, рожки, сиыр және қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс майы, сары май, тұз және шайдың бағасы өзгермеген .Өңірлер арасында да бағаның төмендеуі байқалды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Жезқазғанда 0,3%-ға, Семейде 0,2%-ға, Талдықорғанда 0,1%-ға төмендеген. Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында баға алдыңғы аптадағы деңгейде сақталды.
Қазір республика бойынша пияздың орташа бағасы 149 теңге. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, онда пияздың келісі 119 теңгеден сатылған. Картоптың орташа бағасы 211 теңгені құрады. Павлодарда оның келісі 135 теңге болды. Сәбіздің орташа бағасы 222 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ең төмен баға тағы да Павлодарда тіркеліп, келісі 140 теңгені құрады. Ал қызанақтың орташа бағасы өзгермей, 620 теңге деңгейінде қалды. Ең төмен бағалар Таразда 378 теңге және Атырауда 396 теңге болды.
Тағы да оқыңыз: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тағы төмендеді