Қазақстандық тасымалдаушылар Түркия теңіз порттарынан жүк тией алды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Түркия Ердоған
Қазақстандық тасымалдаушылар Түркия теңіз порттарынан жүк тией алды / Фото: Ақорда

Антальяда Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының отырысы өтті. Кездесу қорытындысында екі ел арасындағы халықаралық автотасымал мен транзитті дамыту бойынша бірқатар келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Тараптар электронды рұқсаттарға сандық шектеу қойылмайтынын келісті. Бұл тасымалдаушыларға жүк тасымалын икемдірек ұйымдастырып, қажеттілікке жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан жүк тиеп, оны кейін Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік берілуі.

Тараптар 2026 жылдан бастап мұндай транзиттік жүктерді тасымалдауға жыл сайын 3 мыңнан рұқсат құжатын өзара беруге уағдаласты.

Комиссия мүшелері екіжақты және транзиттік тасымалдарды одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Бұл шаралар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген келісімдерге қанағаттанатынын айтып, халықаралық автотасымал саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

Айта кетейік, осыған дейін Иран Ормұз бұғазындағы порттан Қазақстанға арнайы жер телімін беруге мүдделі екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз