Қыдырмайды, тауар сатып алмайды: АҚШ Иран басшыларына не үшін виза берді

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иран президенті Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Арагчиге БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін жоғары деңгейдегі апталығына қатысу үшін виза берген, деп хабарлайды Kursiv Media.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, визаны Иранның «негізгі делегациясы» мен оның жұмысына қажетті қызметкерлері алған.
«Қабылдаушы мемлекет ретіндегі міндеттемелерімізге сәйкес, Иран режимінің негізгі делегациясы БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығына қатыса алады», – деді ведомство өкілдері.
AP хабарлағандай, Иран делегациясының АҚШ аумағында жүріп-тұруына шектеу қойылады. Сонымен қатар делегация мүшелеріне сән-салтанат заттары мен кейбір басқа тауарларды сатып алуға тыйым салынады.
Мемлекеттік департамент биыл Иран делегациясының құрамы 2025 жылмен салыстырғанда аз болатынын атап өтті.
Бұл шешім АҚШ пен Иран арасындағы алты айдан астам уақытқа созылған қақтығыс жағдайында қабылданды. Мемлекеттік департамент бір күн бұрын Палестина президенті Махмуд Аббас пен оның делегациясына БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына қатысу үшін виза беруден бас тартқан.
Тағы да оқыңыз: Иран Ормұз бұғазында америкалық дронды атып түсірді