Ресей Жапониядан америкалық зымыран кешендерін ел аумағынан шығаруды талап етті

Ресей Жапонияға наразылық нотасын жіберіп, ел аумағында орналасқан америкалық Typhon жерүсті зымыран кешендерін тоқтатуды және оларды Жапониядан алып кетуді талап етті. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді деп жазады Kursiv Media.
Ресей тарапы Жапонияның өз аумағында бұл кешендерді қандай да бір себеппен орналастыруын қолайсыз деп санайды. Мәскеу оларды қанша уақытқа және қандай тәсілмен орналастырғанына қарамастан, бұл әрекетке жол бермеу керек деп отыр.
Сонымен қатар Ресей Жапонияны Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын, оның ішінде Оңтүстік Куриль аралдарына қатысты аумақтық мәселелерді мойындауға шақырды. Мәскеу Токионың әскери әлеуетін қайта күшейту саясатынан бас тартуын да талап етіп отыр.
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Руденко Мәскеудегі Жапония елшісі Акира Мутоомен кездесіп, Ресейдің наразылық нотасындағы талаптарға байыппен қарауға шақырған.
Typhon – үлкен жүк көлігіне орнатылған мобильді зымыран ұшыру қондырғысы. АҚШ оны 2025 жылғы қыркүйекте Жапонияның Ямагучи префектурасындағы Ивакуни америкалық әскери базасына оқу-жаттығу үшін уақытша орналастырды.
Оқи отырыңыз: Жапонияда АЭС реакторы істен шықты