Sky Train, LRT және әуежайға дейінгі метро: Алматының көлік жүйесі қалай өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Дина Карамчакова,

Алматыдағы Skytrain желілері эстакадалар арқылы өтеді. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы ақшамы» газетіне жазған мақаласында айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желі «Барлық», «Шығыс қақпасы» және «Солтүстік» көлік-логистикалық тораптарын байланыстырады. Жоба аясында 20 станция салу жоспарланған.

«Sky Train жүйесінің басты ерекшелігі – оның жол қозғалысына тәуелсіз, арнайы салынған эстакада бойымен қатынауы. Бұл көлік кептелістері мен бағдаршамдарға тәуелділікті азайтып, жолаушылардың жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала басшысы метро желісін батыс және шығыс бағыттарда дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Болашақта желіні «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзарту және үш жаңа станция салу жоспарлануда. Ал шығыс бағытта «Жібек жолы» желісін әуежайға дейін жалғастыру көзделген. Бұл учаскенің ұзындығы шамамен, 14 шақырым болып, сегіз станцияны қамтиды» деп түсіндірді қала басшысы.

LRT желісінің алғашқы рельстері төселді

Ал ЛРТ–нің алғашқы желісі ұзындығы 18,3 шақырымды құрап, Индустриялық аймақты Алматы-2 вокзалымен байланыстырады. Желіде шамамен, 34 аялдама қарастырылған. Болашақта ЛРТ жүйесін «Барлық» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстыру жоспарланған.

Алматыда болашақ жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің алғашқы шпалдары төселіп жатыр. Құрылыс жұмыстары Момышұлы көшесінде, Мөңке би көшесінен оңтүстікке қарай, Д.Қонаев атындағы мешіт маңында жүргізілуде.

Айта кетейік, Алматыдағы LRT желісінің бірінші кезеңі 2027 жылдың соңында іске қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз