Жыл сайын 350 адам донор табылмай қайтыс болады: елдегі трансплантация мәселесі

Отыз жастағы Никольдың бүйрегі үш жарым жыл бұрын істемей қалған. Содан бері әйелдің өмірі диализге байланып, бүйрек трансплантациясы жасалатын күнді күтумен жүрді. Диализ – науқастың қанын аппаратта тазартып, өзіне қайта құю. Бұл әдіс аурудан емдемейді, тек донор табылғанша адамның өмір сүруіне мүмкіндік береді. Қазақстанда бүйрек сатуға, жалпы адам ағзасы саудасына тыйым салынған. Сол себепті науқастарға тек туыстары донор бола алады немесе қайтыс болған адамның ағзасы салынады.

Бір ағзасы жарамай қалған науқастар қандай қиындыққа тап болады? Трансплантациядан кейін өмір қалай өзгереді? Мәйіттік донорлықтың дамуына не кедергі? KursivMedia тілшісі трансплантацияны күтіп жүрген науқастармен және операция жасалған азаматтармен сөйлесіп, оқиғасын тыңдап, осы сұрақтарға жауап табуға тырысты.
Шағын дисклеймер: бұл материал оқырманды қайтыс болғаннан кейін донор болуға үгіттемейді немесе бас тартуға шақырмайды.
Никольдың оқиғасы
Никольға бүйрек жетіспеушілігі деген диагноз қойылған сәтте-ақ әкесі мен ағасы донор болуға келіскен. Алайда әкесі инсульт алып, донор бола алмай қалады. Ағасы отбасына, сырқаттанып қалған әкесіне қамқорлық жасап жүріп операцияны кейінге шегеруге тура келген. Осылай арада үш жыл өтіп, Николь мен ағасына қатар операция жасалатын болды.
«Ота алдында қобалжып тұрмын. Диализде жүргендіктен көп шектеу қойылады. Ота сәтті өткеннен кейін бірден көп су ішемін. Диализге байланбаймын, басқа қала, басқа елдерге бара аламын. Басқа адамдардың өмірі мен үшін арман. Қазір көп дәрі ішемін, ем қабылдаймын. Жазылған соң жұмыс істей аламын», – дейді Николь операция алдында.
Алматыда бүйрек трансплантациясы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалады. Операция бөліміне дейін ота жасайтын дәрігер науқастың жағдайын біледі. Ота бөлімшесіне бірінші алдын ала медициналық тексерістен өткен донор жеткізіледі. Біз барған кезде Никольдың ағасы наркозда жатты, артынша ота басталды.
Дәл осы уақытта көрші бөлмеде мамандар Никольды операцияға дайындады. Суық бөлме, тазартылған құрылғылар және екі адамның өміріне жауапты екі бригада.
Донорға операция жасағандардың бірі – Сызғановтағы бүйрек трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ислам Мададов. Дәрігердің айтуынша, бөлімшеде жыл сайын 60-70 бүйрек трансплантациясы жасалады.
«Көп жағдайда туыстық донордан бүйрек алынады. Әдетте науқасқа әке-шешесі, бауырлары, күйеуі не әйелі бір бүйрегін береді. Алдымен екі адамның қан тобы сәйкес келуі керек.
Никольдың ағасы тексеруден өтті. Енді екі ота қатар жасалады. Бір жақта бүйрек алынса, екінші бөлмеде реципиентке бүйрек салатын орын дайындалады. Донорға ота 2-3 сағат жасалады, реципиенттің отасы 4-5 сағатқа созылады», – дейді Ислам Мададов.

Қазақстандағы жағдай
Елде ағза ауыстыру операциясын күтіп жүрген бес мыңға тарта адам бар, 125-і бала. Басым бөлігіне бүйрек қажет – 4 208 пациент, 293 адамға бауыр, 208 науқасқа жүрек, 30 науқасқа өкпе және 5 адамға «жүрек-өкпе» салу қажет. Жыл сайын 350-ге жуық адам ағзаның жетіспеушілігінен күту парағынан алынып тасталады – олар өзіне қажет орган табылмағаннан қайтыс болады.
Кейінгі уақытта осы салаға көпшілік назар аударып, қайтыс болғаннан кейін донор болу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мәселен бұрынғы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін берген.
Жалпы алған трансплантация операцияларының шамамен 90%-ы тірі туыстық донор көмегімен жасалады, ал қайтыс болғаннан кейінгі донор үлесі 10%-ға да жетпейді.
«Әкем екінші өмір сыйлады»
Туыстық донор арқасында он жылдан бері қалыпты өмір сүріп жүргендердің бірі 28 жастағы Гүлдана Байшуақова. Бойжеткеннің оқиғасы да ерекше. Ол – Қазақстанда қан тобы сәйкес келмейтін донордан ағза трансплантациясы жасалған алғашқы реципиент.
Гүлдана 18 жасқа толған кезінде екі бүйрегі бірден істен шыққан. Студенттік өмір басталған тұста денсаулығында кінәрат барын естіп, аурухана төсегіне танылған. Ата-анасы бірден донор болуға келіскенімен, қан тобы сәйкес келмеген.
«Сырқаттанып қалғанымды қабылдау өте қиын болды. Өмірім енді басталған тұста аппаратқа танылдым. Дәрігерлер бір ғана жолы барын айтты – трансплантация. Осыны естіген әкем де, анам да донор болуға бірден келісті. Бірақ қан тобы сәйкес келмеді. Бірінші қан тобындағы адамға дәл сол топтағы адам донор бола алады екен. Әрі-бері хабарласқанымызда, мұндай жағдайда дәрігерлер трансплантация жасамайтындарын айтты. Сол кезде болды, бітті деп ойладым», – дейді Гүлдана.

Қыз әкесі мен анасы донор бола алмайтынын естіген соң өмірі диализ аппаратына байланып қалады деп ойлаған.
«Оқымаймын, армандамаймын, жұмыс істемеймін деп ойладым. Қараңғы түнек. Семейден Алматыдағы дәрігерлерге хабарластық. Ол кісілер Қазақстанда алғаш рет әртүрлі қан топтағы бүйрек отасын жасауды ұсынды. Әкем екеуміздің қанымыз 50% сәйкес болды. Тәуекел деп, келісім бердік», – дейді бойжеткен.
Сөзінше, ол кезде қорқыныш болмаған, тезірек аппараттан ажыратылып, қатарластары секілді жүргісі келген.
«Отадан кейін науқастар бір-екі ай ауруханада жатады. Менің жағдайым ауыр болғандықтан, алты ай бойы бақылауда болдым. Артынша бір жыл күтім жасалды. Осылай он жыл өтті. Әкемнің маған сыйлаған бүйрегінің арқасында қоғамда пайдамды тигізіп, адамдарға көмектесіп жүрмін. Сау адамдардан кем емес жұмыс істеп жатырмын», – дейді Гүлдана.
Балалар бірінші орында тұрады
Ал балаларда бүйрекке қатысты мәселе көп жағдайда туабітті пайда болады. Анасының жатырында жатқанда да көрінетін ақау болады. Балаға көбіне ата-анасы донор болады.
«Науқасқа салынған бүйректің де зақымдалу қаупі өте жоғары. Сондықтан туабітті сырқаты бар балаларға қайтыс болған адамның бүйрегін алған тиімді. Тірі донордан салсақ, сау бүйректі зақымдауы мүмкін. Бір адам бүйректен айырылады, бала да сауығып кетпейді. Донор пайда болған кезде балалар бірінші орында тұрады», – дейді дәрігер.

Айтуынша, дүниежүзілік деректерде диализде жүрген науқастардың 60%-ы ғана бес жылдан аса уақыт өмір сүреді.
«Бес жылда ағзада көптеген өзгеріс болады. Күту парағында үш жыл тұрған науқастарда қауіп деңгейі анықталады. Диализде науқастың қанын алады, сол кезде қан қысымы түседі. Қан қайта құйылған кезде қан қысымы көтеріледі. Денсаулығы нашарлайды. Көбісі кенеттен қан қысымы көбейіп қайтыс болады», – дейді Ислам Мададов.
«Туған-туыс түсінбейді»
Осыдан жеті жыл бұрын шымкенттік Эльвира Бахадирдің бүйрегі жүктіліктің 29-аптасында істен шыққан. Бірден ота жасалып, жас келіншек арнайы аппаратқа қосылған. Өмірін әрі қарай жалғастыру үшін аптасына үш күн төрт сағаттан диализге баруға мәжбүр.
«Тұрмысқа шыққаннан кейін бала көтеріп, керек анализдерді тапсырып жүргем. Соған қарамастан бір түнде ішім ауырып, жансақтау бөліміне түстім. Үш күнде баланы кесарь тілігімен босандырып алды. Бүйректің істемей тұрғанын айтып, аппаратқа жатқызды. Сәбиім бір аптадан кейін шетінеп кетті. Бас аяғы бір аптаның ішінде өмірім түбегейлі өзгерді», – дейді Эльвира.

Әйел кейінгі екі-үш жылда ғана жағдайды толық қабылдағанын айтады. Алайда айналасындағылар мен туыс-туғандары әлі күнге дейін жете түсіне бермейтініне ашынады.
«Ішіңнен жарым жан адам екеніңді біліп тұрасың. Бір орган жұмыс істемеген соң энергияң аз болады, үйден шыққың келмейді. Басқа адамдар сияқты кез келген уақытта қалаған жерімізге бара алмаймыз. Аппаратқа бармасақ, қатты ауырамыз. Қанша күтім жасасаң да, бүйрек тәулік бойы ауырып тұрады.
…Той-томалаққа шақырып, «аппаратқа біз жақта жата саласың» дейтіндер де бар. Олар дәрі салдырған сияқты қабылдайды», – дейді жас келіншек.
«Хабарласады деп күтіп жүрмін»
Дәрігерлер Эльвираға жағдайдың тек бір шешімі барын айтады, ол – бүйрек ауыстыру. Алайда жас келіншек ата-анасының денсаулығы жарамаған соң оларды әуреге салғысы келмеген. Ал бүйрегін бере алатын бауырлары тым жас. Сол себепті бар үміті – қайтыс болған адамның өзіне донор болуы.
«Кезектің қалай жылжып жатқанын бір-ақ рет барып көрдім. Кезек күтіп тұрған адам өте көп. 2019 жылы диализде жатқандардың ішінде жастардан мен ғана болдым. Айналамның бәрі үлкен кісілер еді. Қазір жастар көп, бәрі кезекте тұрғандықтан бүгін-ертең бүйрек табылмайтынын түсінем. Сонда да үмітімді үзбеймін. Хабарласып қалады деп дайындалып жүреміз», – дейді Эльвира.
Заң не дейді?
Қазақстан азаматтары көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін ағзаларын трансплантацияға беруге келісімін білдіре алады немесе бұған қарсылық таныта алады. Ол үшін eGov порталындағы «Трансплантация мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына тірі кезінде бас тартуды немесе келісімді тіркеу» қызметін пайдаланып, тиісті нысанды толтыру қажет.
Қазірге дейін 172 мыңнан аса адам eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына қатысты ұстанымын ресми түрде тіркеген. Ішінде 16 109 адам келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.
Алайда 16 мың адамның бұл таңдауы бірден орындалмайды. Қолданыстағы нормаға сәйкес, марқұмның ағзасын алу үшін жақын туыстарының келісімі қажет. Туыстары бұған қарсылық білдірсе, марқұмның көзі тірісінде берген келісімі ескерілмейді.
Осы тұста шетелдегі жағдайды шолып көрейік. АҚШ-та жүргізуші куәлігін алғанда азамат донор болуға қатысты ұстанымын көрсетеді. Яғни, тірі кезінде донор болуға келісім бере алады.
Беларусь мемлекетінде керісінше, адам тірі кезіңде донор болудан бас тартпаса, автоматты түрде донор болады.
Қайтыс болған адамнан ағза алу
Қайтыс болған адамнан ағза қалай алынады деген сұрақ жиі қойылады. Көпшілік процестің қалай жүретініне алаңдайды. Ислам Мададовтың айтуынша, науқаста ми өлімі анықталып, жүрегі соғып тұрса, 5-6 дәрігер қосылып консилиум жүргізеді.
«Ми өлімі анықталған болса, науқастың жүрегі бір апта ішінде тоқтайды. Жүрегі соғып тұр, ми өлімі тіркелген науқастардың туыстырына жағдайды түсіндіреді. Олар рұқсат берсе, мәлімет Астанадағы орталыққа жіберіледі. Координаттау орталығы әрі қарай қай қаладағы орталыққа қай ағза қажет екенін анықтайды. Уақытын анықтап, арнайы мамандарды жібереді», – дейді дәрігер.
Қайтыс болған адамнан алынған ағза мұзда жатады. Бауыр 7-10 сағатта, бүйрек 24 сағат ішінде науқасқа салынуы керек.
Қазақстанда 200 адамға жаңа жүрек қажет
Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, күту парағындағы 200-ден аса адамға жүрек қажет. Оның ішінде 6 бала бар. Науқастардың орташа жасы – 30-40 жас.
«Биыл біз бір жүрек трансплантациясын жүргіздік. Астанада бір ай ішінде 3-4 операция жасалды. Бір донор Өскеменнен шықты. Мұндайда ірі екі қаланың қайсысына жақын екені ескеріледі», – дейді Рүстем Төлеутаев.

Мәйіттік донордан жүрек алынғаннан кейін елде жасалған «Әлем» құрылғысы қолданылады. Аппарат алынған жүректі ұзағырақ сақтауға мүмкіндік береді, ішінде жүрек соғып тұрады.
Донор болу туралы дін не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы трансплантацияға қатысты ұстанымын әлдеқашан бекіткен. Мүфтият мамандары трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыруға рұқсат етілетінін айтады. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат.
«Трансплантация да адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі. Тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттайды, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді. Бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайды», – деп мәлімдеген Мүфтият.
Тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін бұған аса қажеттілік болуы қажет екені айтылған. Сондай-ақ ешқандай материалдық мақсаты болмауға тиіс.
Жыл сайын науқас саны көбейіп жатыр
Қазақстанда жылына 400-ге жуық трансплантация жасалады, алайда «күту парағына» жаңадан 600-700 адам қосылып отырады.