Қызылорда облысында үш вокзалдағы жөндеу жұмыстары аяқталды

Қызылорда облысында Жосалы, Төретам және Арал теңізі станцияларының вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды, деп хабарлайды KursivMedia.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, үш нысанда қасбет, шатыр, ішкі үй-жай, инженерлік жүйе, перрон және іргелес аумақтар жаңартылған.
«Энергия үнемдейтін терезелер мен алюминий витраждар орнатылып, вокзалдарға қажетті жабдықтар мен жиһаздар орнатылды. Әрлеу кезінде отандық өндірістің сұранысқа сай материалдары пайдаланылды», – делінген ақпаратта.
Жосалы станциясының екі қабатты вокзалы 1905 жылы салынған. Ғимарат ауданы 628,8 шаршы метрді құрайды. Станция арқылы Жосалыны Қазақстанның ірі қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен байланыстыратын 22 жолаушылар пойызы өтеді.
Төретам станциясында ауданы 628,8 ш. м. екі қабатты вокзал ғимараты қайта жаңартылды. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 340 адамнан асады. Станция арқылы 22 жолаушылар пойызы өтеді.
1904 жылы салынған Арал теңізі станциясының вокзалы қайта жаңартудан кейін 439,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 640 адамнан асады. Станция арқылы Аралды Қазақстан қалаларымен және көрші елдермен байланыстыратын 24 жолаушылар пойызы өтеді.
Айта кетейік, Қызылорда облысында Тереңөзек және Жалағаш станцияларының вокзалдарын жаңарту жалғасып жатыр.
Жалпы ел бойынша 124 вокзалды реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асты, 72 теміржол вокзалы қайта жөндеуден өтті.