АҚШ Қазақстаннан тікелей рейс ашу үшін тексеріс жүргізеді

АҚШ мамандары 21-25 қыркүйек аралығында Қазақстанда ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық аудит жүргізеді. Бұл Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашу жөніндегі екі жылдық келіссөздің шешуші кезеңі болмақ, деп хабарлайды KursivMedia.
IASA АҚШ федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары Қазақстандағы авиация заңдарын қарастырып, мемлекеттің ұшу қауіпсіздігін қадағалауына баға береді.
«FAA сарапшылар тобына халықаралық авиациялық құқық, авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу пайдалану салалары бойынша мамандар кіреді», – деп хабарлады көлік министрлігі.
Қазақстаннан АҚШ-қа ұшуға Air Astana әуе компаниясы өтінім берген. 24 қыркүйекте АҚШ мамандарының Air Astana әуе компаниясына техникалық сапары жоспарланған. IASA бағалауы аяқталғаннан кейін FAA қорытынды брифинг өткізеді, одан кейін жазбаша есеп ұсынады.
Бұған дейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас атқарушы директоры лауазымына Майкл Дэниел тағайындалды. Жаңа басшы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашумен айналысады.
АҚШ-қа тікелей рейс
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында салалық министрлік қос ел арасында әуе рейсін ашу 2025 жылға жоспарланғанын хабарлады.
Көлік министрлігі тікелей рейсті 2026 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Астана немесе Алматыдан АҚШ-қа ұшатын тікелей рейс шамамен 15-16 сағатқа созылады.
Тікелей рейсті іске қосу үшін Air Astana Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын елге жеткізіп жатыр.