Екі Корея арасындағы арнайы аймақта жарылыс болды

Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметкері КХДР мен Оңтүстік Корея арасындағы демилитаризацияланған аймақта іздеу жұмыстары кезінде болған жарылыстан жараланды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Yonhap агенттігінің ақпаратына сүйенсек, оқиға 21 қыркүйек күні әскери демаркациялық сызықтың оңтүстігінде болған. Әскери қызметшілер аумақты тазалап, мина мен басқа да жарылғыш заттарды іздеген.
Екі офицер ауыр жарақат алған. Олардың бірі тобық тұсынан аяғының бір бөлігінен айырылған. Зардап шеккендерді эвакуациялау үшін БҰҰ қолбасшылығымен келісілген тікұшақ жіберілді.
Әскерилер жарылыстың минадан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның кім тарапынан қойылғаны әзірге белгісіз. Тергеушілер бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр.
Бұл 2015 жылдың тамызынан бері демилитаризацияланған аймақтың Оңтүстік Корея жағында әскери қызметкер ауыр жарақат алған алғашқы жарылыс болды.
Айта кетейік, 7-11 қыркүйекте Чеджу аралында АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея бірігіп, әскери жаттығулар өткізетіні белгілі болған еді.