Ирландия реттеушісі Google-ға 403 млн еуро айыппұл салды

Ирландияның Деректерді қорғау комиссиясы (DPC) Google-ға қатысты алты жыл тергеу жүргізіп, 403 млн еуро айыппұл салды деп хабарлайды Kursiv Media. Техноалпауыт тұтынушылардың орналасқан жері туралы деректерді жинау және сақтау тәртібін бұзғаны үшін айыпты деп танылды.
2020 жылы Еуропадағы тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдардың шағымынан кейін DPC тексеру бастаған. Комиссия Google-дың «Интернеттегі және қолданбалардағы әрекеттер», «Орналасу тарихы» және «Орналасу дәлдігі» деген функцияларын зерттеп шығады.
Нәтижесінде Google пайдаланушылардың геолокация деректерін қалай жинайтыны мен сақтайтыны туралы ақпаратты толық әрі түсінікті бермегені анықталған. Сондай-ақ кей деректер қажетті мерзімнен ұзақ сақталған.
DPC комиссарының орынбасары Грэхем Дойл сөзінше, геолокация деректері адамның жеке өмірі туралы маңызды ақпаратты ашуы мүмкін, бірақ Google ол деректерді жинау тәртібін бұзған.
«Осының салдарынан адамдар өздерінің орналасқан жері жарнама арқылы оларға әсер ету немесе қызығушылықтарын анықтау үшін пайдаланылатынын білмеуі мүмкін. Яғни олар жеке деректерін бақылаудан айырылды», – деді Дойл.
Айыппұлдан бөлек DPC Google-ға алты ай ішінде деректерді өңдеу тәртібін Еуропа заңнамасына сәйкестендіруді міндеттеді.
Бұған дейін Швеция соты да Google-ді монополияға қарсы заңнаманы бұзды деп тауып, 1,5 миллиард доллар өтемақы төлеуге міндеттеген еді. Ал ай басында Еуропалық комиссия технокорпорацияға жарнама бизнесіндегі бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 2,95 млрд еуро айыппұл салған.