Көкшетауда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, үш адам жарақат алды

Көкшетауда маршруттық автобус пен жүк көлігі соқтығысып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақмола облысы Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 21 қыркүйек күні сағат 10:40 шамасында Застанционный, яғни Шанхай көпірі маңында болған. №11 бағытта жүрген Yutong автобусы мен ЗИЛ жүк көлігі соқтығысқан.
Апат салдарынан екі көліктің жүргізушісі мен автобустың бір жолаушысы медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлер олардың жеңіл жарақат алғанын анықтаған. Көмек көрсетілгеннен кейін үшеуі де үйіне жіберілді.
Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша кінәлі адамға әкімшілік шара қолданылады.
Жыл басынан бері Ақмола облысында қоғамдық көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережесін 700-ден астам рет бұзған. Осы кезеңде автобустардың қатысуымен тоғыз жол апаты тіркелген.
Бұған дейін Ақтөбе облысында да екі Camry көлігі соқтығысып, алты адам қаза тапқан еді.