Малды онлайн бақылауға арналған GPS жүйесі Моңғолия нарығына шықты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: iGPS Tech 

Қазақстандық iGPS Tech компаниясы малды спутник арқылы бақылауға арналған технологиясын Моңғолия нарығына шығарды. Бұл туралы Kursiv Media хабарлайды.

Компания әзірлеген жүйе арқылы малдың нақты орналасқан жерін смартфоннан бақылауға, сондай-ақ жылқының дене қызуы мен қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат алуға болады. Жүйе ұялы байланыс жоқ жерлерде де жұмыс істейді.

Моңғолияны компания мал шаруашылығы кеңінен дамыған әрі жайылым аумағы үлкен болғандықтан болашағы бар нарықтың бірі деп санайды. iGPS Tech өкілдері Моңғолия Үкіметінің мүшесі, Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрінің бас кеңесшісі Чулуунбат Бат-Эрдэнэ мен Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрінің бірінші кеңесшісі Эрхэмбаярұлы Эрдэнбулганға таныстырды.

Компанияның негізін қалаушы әрі CEO Мирас Байжігіттің айтуынша, iGPS-тің мақсаты – тек GPS-трекер сату емес, Қазақстанда жасалған технологияны мал шаруашылығын цифрландырудың халықаралық құралына айналдыру.

Қазір iGPS платформасын 3 800-ден астам адам пайдаланады. Жүйе арқылы 130 мыңнан астам жылқы бақыланады.

Жобаға қызығушылық та жоғары. Компания мәліметінше, технология туралы алғашқы видео жарияланғаннан кейін екі күн ішінде 1 мыңнан астам өтінім түскен, ал видеолардың жалпы қаралымы 1 млн-нан асқан.

Алдағы уақытта iGPS Моңғолияда пилоттық жобалар жүргізіп, бірлескен зерттеулер мен экспедицияларға қатысуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Шарында тазқараға сақина салынып, GPS трекер орнатылды

Сондай-ақ оқыңыз