Қытайлық WEDRINK өнімдері халал сертификатын алды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
коллаж: kursiv.media

WEDRINK өнімдеріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ұйымы тарапынан QMDB HALAL сертификаты берілді. Бұл туралы «Халал Даму» мәлімдеді.

Сертификаттау аясында ұйым мамандары Қытайдағы WEDRINK өндіріс орнына барып, кәсіпорынға толық аудит жүргізген. Тексеру барысында өндіріс процесі, қолданылатын шикізат пен ингредиенттер және оларға қатысты құжаттар қаралған.

Сонымен қатар өнімдер зертханалық зерттеуден өткізілген. «Халал Даму» мәліметінше, тексерілген өнімдердің құрамынан халал талаптарына сәйкес келмейтін жануар текті желатин мен кармин бояғышы анықталмаған.

Сертификаттау кезінде компанияның тек Қытайдағы кәсіпорны ғана емес, Өзбекстан, Малайзия және Индонезиядағы WEDRINK өндіріс орындарының халал сертификаттары да тексерілген.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағындағы өнімдерді сақтау қоймалары мен тарату орындары бақылаудан өткен.

Осылайша, QMDB HALAL сертификатын беру кезінде өнімнің құрамы ғана емес, оны өндіруден бастап Қазақстанда сақтау және таратуға дейінгі кезеңдер кешенді түрде тексерілген.

Wedrink – Қытай компаниясы. Оның бас кеңсесі Қытайдың Хэнань провинциясындағы Чжэнчжоу қаласында орналасқан. Құрылтайшысы – Чжен Беньцзинь. Қазақстанда «Wedrink international.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген жылы 114 мың теңге салық төлесе, 2025 жылы төленген салығы 821 млн теңгеден асқан.

Сондай-ақ оқыңыз