Трамп «жасанды интеллект күші» атты құрылым құрып, ЖИ патшасын тағайындамақ

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Дональд Трамп Open AI басшысы Сэм Альтманмен бірге / Фото: Julia Demaree Nikhinson/AFP

АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллектіні дамыту мәселелерімен айналысатын «жасанды интеллект күштері» атты құрылым құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды Kursiv Media.

Оның айтуынша, Вашингтон ЖИ-дің дамуына кедергі келтірмейді және оны шектеуді көздемейді. Трамп сондай-ақ ЖИ-ді дамыту қарқынын баяулату туралы ұсыныстарды қолдамайтынын айтты.

Жаңа құрылымның басшысы әлі кім болатыны белгісіз, президент оны жақын арада тағайындамақ. Ол бұл қызметті «ЖИ патшасы» деп атады. Алайда жаңа ұйымның нақты қашан құрылатыны және оның қалай жұмыс істейтіні де хабарланған жоқ.

«ЖИ – келесі өнеркәсіптік революция немесе интернет сияқты құбылыс. Бірақ оның ықпалы бұдан да ауқымды болады. Бәлкім, оның үлесіне еліміздің жалпы ішкі өнімінің 25%-ына дейін келуі мүмкін», – деді Трамп.

Трамп бұл мәлімдемені ЖИ-дің дамуынан туындауы мүмкін қауіптерге қатысты алаңдаушылық күшейіп, технологияға мемлекеттік бақылау қажет деген пікірлер айтылып жатқан кезде жасады. Алайда ол мұндай қауіптер туралы айтылған пікірлерді «миф» деп атады.

Бұған дейін Трамп «жасанды интеллект» деген атауды өзгертуді ұсынған. Оның ойынша, термин ЖИ-дің мүмкіндігін толық сипаттамайды. Оның орнына «жоғары интеллект», «экстремалды интеллект» немесе «керемет интеллект» сияқты атаулар дұрыс болады.

Өткен аптада SpaceX негізін қалаушы Илон Маск пен OpenAI бас директоры Сэм Альтман жасанды интеллектінің даму қарқынын баяулату керек деп есептейтінін айтқан. БҰҰ да тым кеш болмай тұрғанда ЖИ-ге бақылауды күшейтуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз