70 мың Toyota Alphard жолаушы тасымалынан шеттетілді: енді тек сәлемдеме жеткізеді

Премьер-министр Олжас Бектенов қалааралық тасымалда жүрген оң рульден сол жаққа ауыстырылған Toyota Alphard көліктерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Үкімет басшысы рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге қатысты мәселенің шешілген-шешілмегенін сұрады.
«Қалааралық тасымал бойынша үлкен мәселе болды – негізінен оң жақ рульді Toyota Alphard көліктерінің рөлін сол жаққа ауыстырып қайта жабдықтау мәселесі. Біз бұл мәселені шештік пе?!» – деп сұрады Олжас Бектенов.
inDrive Қазақстан компаниясының бас директоры Арай Бекембаев Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тиісті шаралар қабылданғанын айтты.
«70 мыңнан астам оң жақ рульді көлік бұғатталды. Осыдан кейін тағы бір мәселе туындады, бұл көліктерді заңсыз қайта жабдықтау басталды. Біз оларды да анықтап, VIN-кодтары арқылы барлығын бұғаттадық. Қазір оң жақ рульді көліктерге тек сәлемдеме жеткізу қызметінде жүруге рұқсат етіледі. Мұндай көліктер, әсіресе өңірлерде, расында да көп. Оларға қатысты осындай шешім қабылданды», – деді Бекембаев.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, көлік министрлігі және тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп рейдтер жүргізіліп жатыр.
«Тыйым бар, заң бар. Мұндай көліктерді анықтап, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартамыз», – деді министр.
Премьер-министр Олжас Бектенов мұндай көліктерді қалааралық тасымалда пайдалануға жол бермеуді тапсырды. Ол бұған дейін қалааралық трассаларда адам өліміне әкелген жол апаттарында осы үлгідегі шағын автобустардың болғанын атап өтті.
«Toyota Alphard бастапқыдан оң жақ рульді көлік. Егер ол біздің жолдарда жүрсе, бұл – заң бұзушылық. Мұндай жағдайларды анықтап, жолын кесу қажет», – деді Бектенов.
Ал inDrive Қазақстан бас директоры Арай Бекембаев компанияда оң жақ рульді көліктерге қатысты «нөлдік төзімділік» қағидаты бар екенін айтты. Оның мәліметінше, мұндай көлік анықталған жағдайда бірден бұғатталады. Компания 2023 жылдан бері оң жақ рульді көліктерді қосымшаға қоспайды.
Осыған дейін, Көлік министрлігі Автокөлік және көліктік бақылау комитеті Toyota Alphard көліктерінің неліктен жиі апатқа түсетін себебін атады. Бұған көліктің техникалық ақауы емес, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүрген иелерінің жылдамдықты тым арттыруы және рулі оң жақта болғандықтан, басып озудың қауіптілігі түрткі болып отыр. Халық арасында Toyota Alphard көлігі «кісі өлтіргіш мәшине» деп аталып жүр. Қазақстанның трассаларында көп апатқа түседі.