Алты жасар қытай қызы Рубик текшесін 4 секундта жинап шықты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Лянь Юньчжи / фото: CNS

Қытайдың алты жасар тұрғыны Лянь Юньчжи Рубик текшесін жинаудан әйелдер арасындағы әлемдік рекордты екі рет жаңартты. Ол 3×3 форматындағы текшені орта есеппен 4,27 секундта жинап шықты деп жазады Kursiv Media.

Лянь Юньчжи қыркүйекте Ухань және Гуанчжоу қалаларында өткен, Дүниежүзілік кубинг қауымдастығы (WCA) мойындаған екі жарысқа қатысқан. Алғашқы турнирде оның орташа нәтижесі 4,52 секунд болса, кейін Гуанчжоудағы жарыста көрсеткішін 4,27 секундқа дейін жақсартқан.

Осы нәтижесімен ол әйелдер арасында Рубик текшесін орта есеппен 4,5 секундтан аз уақытта жинаған алғашқы спидкубер атанды.

Алты жасар дарын

Лянь Юньчжи 2019 жылғы 2 желтоқсанда Қытайдың Чэнду қаласында дүниеге келген. Рубик текшесіне қызығушылығы төрт жасында басталған. Алғашында оны жай ойыншық ретінде қабылдаған. Ол кезде текшені жинауға шамамен 90 секунд жұмсайтын. Кейін жаттығу арқылы бұл уақытты 60, одан соң 40 секундқа дейін қысқартқан.

2025 жылы Лянь Юньчжи GAN GURUS спидкубинг командасына қосылып, оның ең жас мүшесі атанады. Сол жылы тағы бір рекорд орнатты. Жарыста 3×3 Рубик текшесін 5 секундтан аз уақытта жинаған ең жас қатысушы болды.

Қазір «Чжичжи» лақап атымен танымал жас спидкубер 1300-ден астам Рубик текшесін жинау формуласын біледі. Оларды ұмытпау үшін күн сайын кемінде жарты сағат арнайы жаттығады. Қосымша алдын ала комбинацияларды есептеу мен текшені жинауға да уақыт бөледі.

Лянь Юньчжи бала кезінен би мен музыка сияқты түрлі үйірмелерге де қатысқан. Алайда уақыт өте келе Рубик текшесіне қызығушылығы басым болып, спидкубинг оның негізгі айналысатын ісіне айналған.

Оқи отырыңыз: Азия ойындарында 13 жастағы қытай спортшысы рекорд орнатты

Сондай-ақ оқыңыз