Елде тұрмыстық техника нарығы өсіп келеді: халықтың негізгі сұранысы қандай

Жарияланды
Қазақстан тұрмыстық техника өндірісін арттырмақ / Акорда, бильд-редактор: Дастан Шанай
Фото: Акорда, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда тұрмыстық техника нарығы өсіп келеді. Алайда нарықтағы сұраныс жаңа үй техникасын алғашқы рет сатып алуға емес, қолданыстағы құрылғыларды жаңартып, трендтегі модельдерге ауыстыруға байланысты қалыптасып отыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.

2025 жылы тұрмыстық электр құралдарының бөлшек сауда көлемі 18%-ға өсіп, 923,6 млрд теңгеге жетті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 496,8 млрд теңге болған. Осылайша, бес жыл ішінде нарықтың ақшалай көлемі 85,9%-ға артқан.

Базалық техникамен қамту шегіне жетті

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы отбасылардың басым көпшілігінде негізгі тұрмыстық техника бар. Мәселен, 99,9%-ында тоңазытқыш, 99,4%-ында кір жуғыш машина, 97,3%-ында шаңсорғыш бар. Ал 87,6%-ында микротолқынды пеш, 52,3%-ында мұздатқыш камера бар.

Өңірлер арасында айырмашылық болғанымен, ол айтарлықтай үлкен емес. Мысалы, шаңсорғышпен ең төмен қамтылған Ақмола облысында да көрсеткіш 94%.

Бұл Қазақстанда адамдардың көпшілігі қажетті тұрмыстық техниканы әлдеқашан сатып алғанын көрсетеді. Сондықтан ендігі сұраныс жаңа техника сатып алатын адамдардан емес, ескі техникасын жаңасына ауыстыратын немесе заманауи, қосымша қызметі бар құрылғыларға көшетін тұтынушылардан қалыптасып отыр.

Тұрмыстық техника нарығының көлемі ұлғайды

Тұрмыстық электр құралдарының бөлшек сауда көлемі 2020 жылғы 496,8 млрд теңгеден 2025 жылы 923,6 млрд теңгеге дейін өсті. Осы бес жылда нарықтың ақшалай көлемі 85,9%-ға, ал 2025 жылдың өзінде 18%-ға артқан.

Бұл өсімге тауар бағасының қымбаттауы ғана себеп болмаған. Бір жылда ыдыс жуатын машиналар 32,9%-ға, электр шәйнектер 28,8%-ға, мұздатқыштар 23,2%-ға, ас үй плиталары 22,2%-ға, кір жуғыш машиналар 16,9%-ға қымбаттаған. Ал шаңсорғыш бағасы небәрі 4,1%-ға өскен.

Яғни нарықтағы өсім тек бағаның қымбаттауымен емес, тұрмыстық техникаға деген сұраныстың артуымен де байланысты.

Шаңсорғыш нарығында робот құрылғыларға сұраныс артқан

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 285,4 мың шаңсорғыш сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6%-ға аз. Яғни сатылған құрылғылар саны айтарлықтай өзгермеген.

Алайда тұтынушылардың таңдауы өзгеріп келеді. Қарапайым шаңсорғыштарға қарағанда роботтанған және жуу қызметі бар қазіргі заманғы құрылғыларға сұраныс артып отыр.

Dreame Kazakhstan деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында компания Қазақстандағы робот-шаңсорғыштар нарығының 52%-ын, ал жуатын тік шаңсорғыштар нарығының 54%-ын иеленген.

Компанияның Қазақстан нарығына шыққан алғашқы жылында, яғни 2023 жылы сатылымы 220%-ға, ал келесі жылы тағы 207%-ға өскен.

Тұрмыстық техника нарығы импортқа тәуелді

Қазақстандағы тұрмыстық техника нарығының басым бөлігі импортқа тәуелді. 2026 жылдың алғашқы жартысында шаңсорғыштарға деген сұраныстың 99,6%-ы импорт есебінен қамтамасыз етілді. Осы кезеңде елге 302,6 мың шаңсорғыш әкелінсе, отандық өндіріс небәрі 1,1 мың дананы құраған.

Тоңазытқыштар мен мұздатқыштар да Қазақстанда өндірілмейді. Жарты жыл ішінде елге олардың 436,8 мың данасы импортталған.

Ал кір жуғыш машиналар өндірісінде өсім бар. Отандық өндіріс көлемі 3,4 есе артып, нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі 11,1%-ға жеткен.

Импортқа тәуелділік қазақстандық тұтынушылар үшін жаңа технологиялар мен өнімдердің әлемдік нарықтағы жаңаруға тікелей байланысты екенін білдіреді. Яғни шетелде шыққан жаңа тұрмыстық техника Қазақстан нарығына да салыстырмалы түрде тез келе алады.

Ел нарығына жаңа тұрмыстық техника түрлері тез еніп жатыр

Қазақстандағы тұрмыстық техника нарығы тек қолданыстағы өнімдердің сатылымымен шектелмей, жаңа технологиялардың пайда болуымен де дамып келеді.

2026 жылдың қыркүйегінде Dreame Берлинде өткен IFA халықаралық электроника көрмесінде ақылды үйге арналған жаңа құрылғыларын таныстырды. Компания мәліметінше, көрмеде ұсынылған өнімдердің бір бөлігі алдағы бір жыл ішінде Қазақстан нарығында да пайда болуы мүмкін.

Жаңа құрылғылардың басты ерекшелігі – олардың автономды әрі ақылды бола түсуі. Яғни техника адамның қолмен басқаруына аз тәуелді болып, күнделікті жұмыстарды өздігінен орындауға бағытталып жатыр.

Қазірдің өзінде Dreame Қазақстандағы робот-шаңсорғыштар нарығының 52%-ын қамтып отыр. Компания бұл көрсеткішті қазақстандық тұтынушылардың тұрмыстық техниканың жаңа форматтарына қызығушылығының бір белгісі ретінде бағалайды.

Dreame Technology 2017 жылдан бері ақылды үйге арналған құрылғыларды, соның ішінде робот-шаңсорғыштар мен басқа да тұрмыстық техниканы әзірлейді. Компанияның негізгі бағыты – тұрмыстық жұмыстарды автоматтандырып, құрылғыларды барынша автономды ету.

Тағы да оқыңыз: Шаңсорғыштан – суперкарға:  Dreame Technology танымал Bugatti-мен бәсекеге түспек

Сондай-ақ оқыңыз