TikTok-тағы тікелей эфир кезінде мысықты тістеген ер адам ұсталды

TikTok-тағы тікелей эфир кезінде ер адамның мысықты шыңғыртып тістеген видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.media.
Жануар қатты шырылдап жатқанда, жанында отырған қыз көрермендерден виртуалды сыйлықтар жіберуді сұраған. Сонда ғана мысықты босататынын айтқан.
«1001 раушан жіберіңдер, сосын босатамыз»
Эфир көрермендері болған жағдайды тоқтатуға тырысқан. Пікірлерде: «Жібере салыңдар!», «Мен саған раушан жіберемін» деп жазған. Оған қыз:
«1001 раушан жіберіңдер, сосын босатамыз», – деп жауап берген.
Тікелей эфир «Серик F4»-тің аккаунтында жүргізілген. Оқиға Қызылорда облысында болғаны, ал ер адам Жамбыл облысының тумасы екені анықталды.
Полицияға жеткізілді
Қызылорда облысы полиция департаменті Kursiv.media-ға жануарға қатыгездік танытқан адамды ұстағанын хабарлады. Полиция мәліметінше, оқиға 21 қыркүйек күні болған.
«Полиция қызметкерлері жедел түрде бейнежазба бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде жануарға қатыгездік танытқан адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол 43 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Кетенов Серик болып шықты. Оған айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін
Бұдан бөлек, оған мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасалды. Жануарға қатыгездік таныту қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екендігі түсіндірілді.
Ал Алматыда жасөспірім мысықтың басын қабырғаға ұрып, үстіне секірген еді. Оның заңды өкілі жазаға тартылды.