Google жасанды интеллекті бар жаңа ноутбук шығарды

Google компаниясы Gemini жасанды интеллекті жүйесімен біріктірілген жаңа GoogleBook ноутбуктерін шығарды. Жаңа құрылғы компанияның бұрынғы Chromebook ноутбуктерінің орнын басады деп жазады Kursiv Media.
GoogleBook ноутбуктері 4 қазанда АҚШ-та, ал 5 қазанда Канада, Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Германия және Аустралияда сатылымға шығады.
Бұл құрылғыларды Google серіктес компанияларымен бірлесіп әзірлеген. Алғашқы кезеңде Acer, Dell, Lenovo, Asus және HP компаниялары жаңа гаджеттерді шығарады. Ноутбуктерде Android пен ChromeOS негізінде жасалған жаңа операциялық жүйе қолданылады.
Алдын ала тапсырыс беруге әзірге бес модель қолжетімді. Acer GoogleBook 14 бағасы 899 доллардан, ал Asus және HP ноутбуктері 1299 доллардан басталмақ.
Құрылғылардың процессоры модельге қарай Intel Core Ultra 5 немесе Snapdragon X Elite болады. Сонымен қатар, ноутбук сатып алғандарға Google AI Pro қызметін бір жыл тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Компания мәліметінше, GoogleBook негізінен Gemini жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істеуге арналған. Gemini пайдаланушыға күрделі тапсырмаларды автоматтандыруға және оларды тікелей ноутбукта орындауға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Ирландия реттеушісі Google-ға 403 млн еуро айыппұл салды