Лионель Месси қоштасу матчына арналған ерекше жейдесін таныстырды

Аргентина құрамасының аңыз ойыншысы Лионель Месси ұлттық құрама сапындағы қоштасу матчында киетін арнайы жейдесін таныстырды, деп хабарлайды Kursiv.Media
Футболшы Instagram парақшасында алдағы қоштасу ойынына арналған бейнеролик жариялады. Онда Месси ерекше дизайнмен жасалған жейдені көрсетті.
«Соңғы матч. Өмір бойы сақталатын жейде», – деп жазды футболшы.
Арнайы жейденің артқы жағындағы Мессидің тегі мен әйгілі 10-нөмірі алтын түспен жазылған. Сондай-ақ онда Аргентинаның ұлттық рәміздерінің бірі саналатын «Мамыр күні» (Sol de Mayo) бейнеленген.
Бұл жейде футболшының Аргентина құрамасындағы соңғы кездесуіне арнайы әзірленген.
Еске салайық, 31 тамызда Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Ол жанкүйерлеріне арнап қоштасу хатын да жариялады.