Өзбекстанда ерлі-зайыпты қарыздарынан құтылу үшін 14 жастағы ұлын сатпақ болған

Өзбекстанда ерлі-зайыпты 14 жастағы жасөспірім ұлын 45 мың долларға (шамамен 20 млн теңге) сатпақ болған. Ал бозбала ата-анасына қаржылық мәселелерді шешуге көмектескісі келгендіктен, бұған қарсы болмаған, деп жазады Kursiv.Media.
1chi.uz telegram арнасының жазуынша, Қашқадария облысында өзінің 14 жасар баласын сатпақ болған ерлі-зайыпты ұсталды.
Ақпаратқа сәйкес, 1988 жылғы әйел күйеуімен келісіп, бірінші некесінен туған баласын сатуды ұйғарған. 14 жастағы жасөспірімді 45 мың долларға сатқылары келген.
Ерлі-зайыпты бұл қадамға қарыздарын жабу үшін барған. Олар қаржылық дағдарыстан шығудың өзге жолын таппаған.
Сот барысында жасөспірімнің өзі ата-анасының бұл жоспарынан хабардар болғанын мәлімдеді. Бозбала ата-анасына қаржылық мәселелерді шешуге көмектескісі келгендіктен, өзін сатуға қарсы болмағанын айтқан. Сондай-ақ ол ата-анасына ешқандай өкпесі жоқтығын жеткізді.
Сот шешімімен, сорақы әрекетке барған ата-ана үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін Өзбекстанның Қашқандария облысында бала сатқан медбике 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.