Қазақстан полициясына 20 мыңнан аса қызметкер қажет

ІІМ орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда қанша полиция қызметкері жетіспейтінін айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Игорь Лепеха мәлімдегендей, тек патрульдік полицияға қосымша кемінде 10 мың қызметкер қажет. Оның сөзінше, қосымша мамандарға деген қажеттілік жаңа шағынаудандар, елді мекендер, мектептер мен учаскелік полиция пункттерінің ашылуына байланысты туындап отыр.
«Осыны ескере отырып, бізге учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар да қажет. Бұл санаттағы қызметкерлердің барлығы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазір әкімдермен жұмыс істеп жатырмыз. Бюджет мүмкіндігіне қарай, ең алдымен осы бөлімшелердегі қызметкерлер санын кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отырмыз. Әкімдік, Президент және Үкімет тарапынан қолдау болса, келесі жылдан бастап бұл бөлімшелердің штат санын кезең-кезеңімен көбейтеміз деп үміттенеміз», – деді министр орынбасары.
БАҚ өкілінің полиция қызметкерлерінің санын 10 мың адамға арттыру жоспарланып отыр ма деген нақтылау сұрағына Лепеха қажеттілік бұдан да көп екенін айтты.
«Жоқ, біз талқылап отырған бағыттарда жұмыс істейтін жергілікті полиция қызметкерлерінің өзіне 20 мыңнан астам адам жетіспейді», – деді ол.
Полиция қызметкерлерінің тапшылығы мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. 2022 жылы Қазақстанның қала сыртындағы трассаларында патрульдік полицияның 575 экипажы жетіспейтіні хабарланған. Сол кезде де ІІМ штат санын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланғанын мәлімдеген.
Тағыда оқыңыз: Елдегі патрульдік автокөліктердің 86%-ында мобильді кешен жоқ.