Тікұшақтар 68 тонна су төкті: Тарбағатай ұлттық паркінде өрт оқшауланды

Абай облысында 22 қыркүйек кешке «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында екі күн бұрын тіркелген орман өрті оқшауланды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлауынша, өрт Қазанкемір учаскесінде құрғақ шөптің тұтануынан басталып, кейін ұлттық парк аумағына тараған.
«Таулы жердің күрделі рельефіне қарамастан, орман күзеті қызметкерлері мен тартылған күштердің үйлесімді жұмысының арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге 327 адам жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Өрт сөндіру жұмыстарына екі тікұшақ тартылып, олар 26 рет су төккен. Жалпы 68 тонна су пайдаланылды.
Қазір өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, ұлттық парктегі өрт кеше, 21 қыркүйекте басталған еді. ТЖМ мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.