Бибісара Асаубаева бастаған қыздар Қытай шахматшыларымен бірінші орын үшін таласады

Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының алғашқы жартысы аяқталды. Алты турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы бірде-бір ұпай жоғалтпай, турнир кестесінде екінші орында келеді, деп хабарлайды Kursiv.Media Шахмат федерациясына сілтеме жасап.
Қазақстан алты матчтың бәрінде жеңіске жетті
Қазақстандық шахматшылар алты кездесудің барлығында жеңіске жетіп, мүмкін болған 12 командалық ұпайдың 12-сін жинады.
Ұлттық құрама Ботсвана, Босния және Герцеговина, Словения, Армения құрамаларын жеңсе, кейін Германия мен Әзербайжанды бірдей 2,5:1,5 есебімен ұтты.
Қазақстанмен бірдей 12 ұпай жинаған Қытай құрамасы қосымша көрсеткіштер бойынша бірінші орында тұр. Үндістан 10 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Қазақстан – Қытай матчы
23 қыркүйекте өтетін жетінші турда Қазақстан мен Қытай құрамалары өзара кездеседі. Бұл ойын турнир кестесіндегі көшбасшыны анықтайды.
Қытай бұл олимпиадаға Хоу Ифань, Тань Чжунъи, Лэй Тинцзе және қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь секілді мықты шахматшыларын алып келмеген.
Қытай құрамасының бірінші тақтасында рейтингі 2550 болатын Чжу Цзиньэр ойнайды. Сондай-ақ команда сапында 2010 жылы туған халықаралық шебер Лу Мяои бар.
Қытайдың негізгі төрт шахматшысының орташа Эло рейтингі – 2432. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2421-ге тең. Айырмашылық небәрі 11 рейтингтік ұпай.
Қазақстан құрамасының үздіктері
Қазақстан құрамасының бірінші тақтасында Бибісара Асаубаева өнер көрсетіп жүр.
Алтыншы турдағы Әзербайжанмен кездесуде Алуа Нұрман қара тастармен Гюнай Мамедзадені жеңіп, Қазақстанға маңызды ұпай әкелді.
Германияға қарсы матчта Меруерт Камалиденова жеңіске елеулі үлес қосты. Зарина Нұрғалиева мен Елназ Қалиахмет те команда сапында сенімді өнер көрсетіп келеді.
Ерлер құрамасы 26-орынға көтерілді
Қазақстан ерлер құрамасы алты турдан кейін тоғыз ұпай жинап, 26-орынға көтерілді.
Алтыншы турда қазақстандықтар Колумбия құрамасын 3,5:0,5 есебімен жеңді. Денис Махнев, Сауат Нұрғалиев және Даниял Сапенов өз партияларында жеңіске жетсе, Жандос Ағманов тең түсті.
Қазақстан бұл олимпиадаға айтарлықтай жасарған құраммен келген. Командада 16 жастағы Қазақстан чемпионы Сауат Нұрғалиев те өнер көрсетіп жүр.
Ерлер арасындағы турнирде алты турдан кейін Өзбекстан құрамасы 12 ұпаймен көш бастап тұр. Олимпиада 11 турдан тұрады, сондықтан Қазақстан құрамаларын алда тағы бес кездесу күтіп тұр.
Оқи отырыңыз: Бибісара Асаубаева алғашқы жүрісін Ералы Тоғжановқа берді.