FIFA Палестинада балаларға арналған екі спорт алаңын ашты

Жарияланды 23 Қыркүйек 2026 16:57

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: FIFA

FIFA  Палестинада балаларға арналған екі жаңа спорт алаңын ашты. FIFA Arena шағын алаңдары Батыс жағалаудың оңтүстігіндегі Бетлехем маңындағы Марах-Рабах елді мекенінде және солтүстіктегі Кусинде орналасқан, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Алаңдарды FIFA мен Палестина футбол қауымдастығы бірлесіп жүзеге асырды. Нысандар Швейцарияның Федералдық сыртқы істер департаментінің қаржылай қолдауымен салынған.

Жаңа алаңдар жергілікті тұрғындарға футбол ойнауға, спортпен тұрақты айналысуға және бос уақыттарын бірге өткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба Батыс жағалауда күнделікті өмірге шектеулер әсер етіп, мектептерге, қызметтерге және спорттық нысандарға қолжетімділік қиындаған кезеңде іске қосылып отыр.

25 қыркүйекке дейін жаңа алаңдарда «Бейбітшілік үшін бірігейік: Балалар кубогы» (Unite for Peace: Kids’ Cup) турнирі өтеді. Оған Палестинаның 14 жергілікті командасы және 160-қа жуық бала қатысады.

«FIFA Arena» нысандарының маңызын олардың күнделікті қолданысы айқындайды. Балалар үшін футбол ойнайтын, достарымен кездесетін және спортпен айналысатын орынның болуы қазір бұрынғыдан да маңызды», – деді FIFA президенті Джанни Инфантино.

Турнир екі спорт алаңының тұрақты жұмысын бастайды. 25 қыркүйекте финалдық ойын, марапаттау рәсімі және екі FIFA Arena нысанының ресми ашылуы өтеді.

Алаңдардың бірі Марах-Рабахтағы Захер әл-Тур ауданында, қыздар мектебінің қарсы алдында орналасқан. Екіншісі Кусин ауылының солтүстік-батыс бөлігінде, Кусин мен Дейр-Шарафты байланыстыратын негізгі жолдың маңында салынған.

Жоба ФИФА-ның әлемнің әр түкпіріндегі қауымдастықтар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған FIFA Arena Programme бағдарламасының бір бөлігі саналады.

Тағы да оқыңыз: ФИФА Джанни Инфантиноға қатысты маңызды шешім қабылдады

Сондай-ақ оқыңыз