
МРТ-дан омыртқааралық диск жарығы анықталса, операцияға дайындалу керек пе? Бұл сұрақ көп адамды алаңдатады. Алайда омыртқада жарықтың болуы әрдайым хирургиялық ем қажет деген сөз емес. Кей жағдайда оны операциясыз да емдеуге болады. Бұл туралы нейрохирург, вертебролог Зарина Садуева түсіндірді.
Қашан операциясыз емделуге болады
Егер жарық жүйкеге қатты қысым түсірмесе және аяқ-қолда әлсіздік сияқты ауыр белгілер байқалмаса, көбіне операциясыз емдеуге болады. Оған дәрі-дәрмек, емдік дене шынықтыру, физиотерапия және басқа да емдеу әдістері кіруі мүмкін.
Кей жағдайда ағза жарық тінін өзі біртіндеп сіңіріп, оның көлемін кішірейте алады. Бұл процесс резорбция деп аталады.
Омыртқаны созу көмектесе ме
Тракциялық терапия, яғни омыртқаны арнайы әдіспен созу, кей науқастарға ұсынылады. Оның мақсаты – жарықты «орнына салу» емес, жүйкеге түсетін қысымды азайтып, ауырсынуды жеңілдету.
Алайда бұл әдіс бәріне бірдей жарамайды. Сондықтан оны тек маманның бақылауымен жасау қажет.
Қай кезде операция қажет
Хирургиялық ем мынадай жағдайларда қарастырылады:
- жамбас ағзаларының қызметі бұзылса;
- аяқ-қолдағы әлсіздік күшейсе;
- бел мен аяққа жауап беретін жүйкелер қатты қысылып, зәр шығару немесе ішек қызметі бұзылса;
- ұзақ уақыт ем қабылдағанымен, қатты ауырсыну басылмаса.
Мұндай белгілер байқалса, нейрохирургке жедел қаралу қажет.
МРТ нәтижесі бәрін шешпейді
МРТ-дан (магнитті-резонанстық томография) омыртқааралық диск жарығының анықталуы өздігінен операция жасауға себеп емес. Дәрігер жарықтың көлемімен қатар, оның жүйкеге әсерін, ауырсынудың сипатын және неврологиялық белгілерді де бағалайды. Сондықтан емдеу тәсілі әр науқасқа жеке таңдалады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда мүгедектікке әкелетін аурулар көбейді.