Қазақстан басқа елдерден қылмыстық істер бойынша көмек сұрата алады

Бүгін Құрылтай депутаттары қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялады. Заң жобасын Құрылтай отырысында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды деп хабарлайды Kursiv Media.
Енді Қазақстан құқық қорғау органдары шетелдегі әріптестерінен қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер сұрата алады. Сондай-ақ заңсыз жолмен шетелге шығарылған активтерді іздеп, оларды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық көмек ала алады. Ал құқық қорғау орган өкілдері өзге елдердегі тергеу әрекеттеріне де қатысуына мүмкіндік тумақ.
«Осы конвенция шеңберінде тыйым салу, тәркілеу деген сияқты сұрау салуларды Еуропа елдеріне жібере аламыз. Сонымен қатар құқық қорғау органының өкілдері бізде қаралып жатқан іс негізінде басқа елдерге барып, тергеу іс-әрекеттеріне бақылаушы ретінде қатыса алады», – деді Қойгелдиев депутаттар сұрағына.
Сонымен қатар шетел азаматы қамауға алынған, түрмеге жабылған немесе ұсталған жағдайда, оның талабы бойынша бұл туралы сол елдің консулдығына хабарлау мүмкіндігі қарастырылған. Адамды сотқа немесе басқа да процессуалдық әрекетке шақыру туралы құжаттар белгіленген күнге дейін кемінде 50 күн бұрын жіберілуі тиіс. Қазақстанға келіп түсетін сұраулар қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен бірге ұсынылуы керек.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей прокурорлары кездесіп, дәл осылай заңсыз активтерді қайтаруға келіскен еді.
Еске салайық, осыдан төрт жыл бұрын парламент заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң қабылдады. Сол уақыттан бері «Ескі Қазақстан» дәуіріндегі шенеуніктер мен ықпалды байлардан 99,8 млрд теңгенің 269 активі мемлекетке қайтарылған. Соның ішінде 1 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары ел мүлкіне айналды.