Жыл соңына дейін 112 жер қойнауы учаскесі аукционға шығарылады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстан 112 мұнай-газ учаскесін аукционға шығарады
Қазақстан 112 мұнай-газ учаскесін аукционға шығарады / Фото: shutterstock

Жыл соңына дейін жер қойнауын пайдалануға арналған 112 учаске аукционға шығады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған кезекті электрондық аукцион өтетінін хабарлады.

Алдағы желтоқсан айындағы аукционға 112 жер қойнауы учаскесінің 56-сы шығарылады. Аукцион 25 желтоқсанда e-Qazyna электрондық сауда порталында өтеді. Қатысуға өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады.

Олар Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан.

Аукционға әрі барлау мен өндіруге, әрі тікелей көмірсутектерді өндіруге арналған учаскелер қойылған. Атап айтқанда, тізімге Бегімбет 1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт учаскелері, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс, Қаракөл және басқа да нысандар кіреді.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алу қомақты инвестициялық міндеттемелерді жүктейді.

Әрбір учаске үшін сейсмобарлау жүргізу мен ұңғымаларды бұрғылауды қосқанда, геологиялық барлау жұмыстарының ең төменгі көлемі белгіленген.

«Аукцион жеңімпаздары шарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге, үш жыл ішінде 2Д сейсмикалық барлау бойынша белгіленген талаптарды орындауға және төрт жыл ішінде, егер нақты учаскенің шарттарында көзделсе, кемінде бір ұңғыманы бұрғылау бойынша ең төменгі талаптарды орындауға тиіс», – делінген ҚР Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Сонымен бірге елде геологиялық барлау үшін жер қойнауының 100 учаскесі аукционға шығарылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз