Шымкент әуежайының екінші ұшу-қону жолағын салуға 23,5 млрд теңге бөлінді

Шымкентте халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Жобаға 23,5 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Үкіметтің сайты хабарлағандай, Шымкентте 2025 жылғы қазан айынан бері халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жалғасып жатыр.
Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 900 метр, ені 75 метр болмақ. Ол заманауи жарық сигнал беру жабдықтарымен жарақтандырылып, халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келеді.
«Бұл күрделі метеорологиялық жағдайлар мен көріну мүмкіндігі шектеулі кезде әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Құрылыс жұмыстарының қажеттілігі қолданыстағы ұшу-қону жолағының жағдайына байланысты туындап отыр.
Оған күрделі жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілген, ал кезекті жөндеу 2027 жылы қажет. Оны жүргізу әуежай жұмысын ұзақ уақытқа тоқтатуға алып келер еді.
Бұдан бөлек, қолданыстағы жолақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің нұсқамасына сәйкес ұзартуды талап етеді.
Оқи отырыңыз: Шымкент әуежайының топ-менеджерлері қанша жалақы алады