Үш айдан кейін АҚШ пен Иран басшылары Нью-Йоркте кездесті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото ЖИ арқылы жасалған

Нью-Йоркте АҚШ пен Иран өкілдері кездесті деп хабарлайды Kursiv Media. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Дональд Трамп АҚШ Иранмен бейбіт келісімге 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауынан кейін қол қоятынын айтты.

Кездесуге АҚШ атынан Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, ал Иран тарапынан Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысты. Соңғы рет екі тарап маусымда жолыққан. Сол кезде бір-біріне соққы жасамауға уәде берген, бірақ ол ұзаққа сақталмады. Нью-Йорктегі жиынға дейін екі тарап кездесуге дайын екенін мәлімдеген.

«Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иран делегациясымен ұзақ келіссөз жүргіздік. Күні бойы тараптардың арасында арағайындар жүріп отырды. Біз талқылаудың бір кезеңін сәтті аяқтадық. Оның нәтижесі сындарлы әрі болашағы зор болады деп үміттенеміз. Арағайындар өз жұмысын жалғастырады», – деп жазды Уиткофф кейін X әлеуметтік желісінде.

БҰҰ мінберінде сөйлеген Трамп бейбт келісім болуы мүмкін екенін меңзеді.

«Менің ойымша, біз [Иранмен] сайлаудан кейін бірден келісім жасаймыз. Өйткені олардың келісімге келмеуіне ешқандай себеп жоқ. Олар аралық сайлауда менің жағдайым қалай болатынын күтіп отыр», – деді Трамп.

Сондай-ақ ол Иранға қатысты маңызды шешім қабылдауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, АҚШ алдында Иранмен келісім жасау немесе Ислам Республикасын жоюдың бірін таңдау мәселесі тұр.

«Мен маңызды шешім қабылдауым керек. Иранмен келісім жасалып, бұл елдің қайта қалпына келіп, бұрынғыдан да мықты мемлекетке айналуына мүмкіндік беріле ме? Әлде Ислам Республикасын жойып, мұны тез арада жасап, олардың енді адамдарды өлтіріп, елдерді қиратуына жол бермейміз бе?» – деді АҚШ президенті.

Ресми Тегеран Трамптың бұл мәлімдемесіне әзірге түсініктеме берген жоқ. Осыдан екі апта бұрын ғана АҚШ – Иранның танкерлеріне, ал Тегеран Иорданиядағы әскери базаға соққы жасаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз