ЖИ заманындағы аудармашылар: кеше болған, бүгін де бар, бірақ – қажетсіз

Жақында экранға шығып, көрермен ықыласына бөленген «Қара алтын» фильмінің сюжетінен – елге инвестиция тартып, шетелдіктермен ынтымақтастық орнату ісінде аудармашы кәсібінің де маңызды екенін аңғаруға болады. Фильмге арқау болған жайттар — жасанды интеллект (ЖИ) құралдары былай тұрсын, елде компьютер тапшы болған кезеңнен. Содан бері аудармашының рөлі қалай өзгергенін Kursiv Media материалынан оқи отырыңыз.
Жыл сайын 30 қыркүйекте аудармашылардың кәсіби мерекесі – Халықаралық аудармашылар күні атап өтіледі. Биылғы жылғы мерекенің Халықаралық аудармашылар федерациясы (FIT) жариялаған ұраны: «Тілдердің әралуандығы және тілдерді алаламау. Түсіну, түсінісу мүмкіндігін сақтау» (Linguistic Diversity and Language Rights. The Power of Being Understood).

Адамның өзіне түсінікті тілде ақпарат, білім, қажетті қызмет түрлерін алып, сол тілде көмекке жүгіну мүмкіндігінің болуы шарт, бұл оның ажырамас құқығы.
Осы құқықты сөз жүзінде танып қана қоймай, жан-жақты іске асыратын орта кәсіби аудармашылардың қызметіне мұқтаж екені сөзсіз. Солай бола тұра, ЖИ құралдары жаппай қолданысқа еніп жатқан бүгінгі күні «аудармашылардың ертең керегі болмай қалады, орнын ЖИ басады» деген сөзді жиі еститін болдық.
Қағаз сөздіктерді пайдалануды қойдық, аудармашы көмегіне жүгінгенді де доғардық па?
Нарықта белең алған үрдістерді байқап, осы кәсіпте жүрген әріптестердің бастан кешкенін саралап, жаңағы сөздің жаны бар деген қорытындыға келеміз. Дегенмен оған келіспей, «біз әлі қажетпіз» деген тұжырымды да жоққа шығара алмаймыз.
ЖИ келгелі бері, оған дейінгі кезеңде де, аударылатын дүние күннен-күнге көбеймесе, азаймаған. Тек фрилансер аудармашыларға түсетін тапсырыстар жағындағы жағдай мұндай емес, бұл тарапта жұмыс, керісінше, азайған.

Жазбаша аударма қызметіне сұраныс жоғалмады, бірақ қазір жұмыс көлемі, сипаты, тапсырыс шарттары өзгерді. Көлемді мәтіндерді (мысалы, кітаптарды) бұрынғыдай сырттан аудармашы жалдап, соған аудартып, ол ойдағыдай шықпаса, артынан «тазалап», түзетіп қиналудың орнына, жұмысты енді сыртқа бермей, қолда бар ChatGPT сияқты ЖИ құралдарына өздері салып, редакциялап бітіруді әлдеқайда оңтайлы көретін баспалар бар. Мұндайда әрі уақыт, әрі ақша үнемделеді.
Әдеби аудармашы кәсібі
ЖИ-дің құдіреті ғой – мысалы, ағылшын тілін білмесе де, сол тілден аударма жасап жүрген редактор-аудармашылар да жоқ емес, кітаптары басылып, сатылып жатыр. Дүбәралардың кітап аударып жүргені – ЖИ заманына дейін-ақ (жұрт «машина», яғни арнаулы компьютерлік бағдарламалар (ағыл. САТ) көмегімен аударма жасауға машықтанған кезде) етек жайған үрдіс. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі сол – білікті, біліксіз аудармашылардың арсеналына қосылған ЖИ жүйелері – жұмыстың негізгі құралына айналып отыр. САТ жүйелері әлі де қолданыста, бірақ оларға байланған жұмыс процесі – көбіне нарықтағы бұрыннан бар ірілі-ұсақ аударма компанияларына ғана тән.
Қазір баспалардың көңіліне қарамай, кітабын өзі аударып шығаратын авторлар да бар. Мысалы, әйгілі жазушы Борис Акунин жақында «кітабымды баспа алмаған соң, ЖИ-ге салып өзім аударып, өзім редакцияладым» деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді.

Көркем мәтінді ЖИ (Deep L + Grok) көмегімен тәржімалап, өңдеу сатыларын сипаттап, айтуына қарағанда, сапасы жақсы аударма шығарған жазушы «жанды жүйрік атты жансыз темірдің жеңгенін» жар салып:
«Өкінішке қарай, әдеби аудармашы кәсібі ескінің сарқыншағына айналатын түрі бар-ау», – деген ой түйген.
Редактура және пост-редактура
Бұл салада жұмыстың сипаты мен шарттары өзгерді дегеніміз – кейінгі кезде таза аударма емес, ЖИ құралдарының аударып берген мәтіндерін аудармашы маманға «сен тексеріп, түзетіп бер» деген тапсырыстар (ағыл. Machine Translation Post-Editing – машина аударғанға пост-редактура жасау) саны артты.
Есесіне осындай тапсырыс түрлерінің көбейіп, нашар аударма қаптағанына наразы мамандар қатары да кеңейді. Мәселен, локализация жасайтын нидерландтық бір фирманың жетекшісі Лоек ван Кутен осыдан үш ай бұрын әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялап, бұдан былай пост-редактураға тапсырыс алмайтынын, ЖИ шығарып берген «қоқысты өңдеп отыратын тарап» болғысы келмейтінін хабарлаған. Оның сөзінше, бүгінгі таңда редактура атаулының табиғаты, өзінің сөзімен айтқанда, «экономикасы» танымастай бұрмаланған: бұрын сіз мәтінді білікті маманға тапсырып, өңдетіп алатынсыз, енгізілген түзетулерге сол маман жауап беретін.

Ал қазір ше? Қазір мамандар белгісіз бір тарап – жансыз машинаның «аударып былықтырған» мәтінін тазалап, өңделген мәтіннің сапасы үшін өзіне жауапкершілік артуы керек. О бастан білікті маман аударып берген мәтінге қарағанда, машинаның аударып берген мәтінін (ол бір қарағанда «таза» көрінгенімен) тексеріп, түзетуге әлдақайда көп уақыт, күш жұмсалатын кездер болатынын ескерген жөн.
ЖИ аударған мәтіннің қолданыс аясы
Осы орайда айта кетерлігі, мақсатына қарай, кейбір мәтін түрлерін (мысалы, қызметтік хабарламалар, хат алмасу, чаттардағы мәтіндер т.с.с.) таза «ЖИ аударып берген» күйінде пайдалануға болады: жалпы хабар мағынасын түсіну, тараптардың түсінісуі үшін грамматикасын, лексикасын, стилін т.б. мұқият тексеріп, түзетіп отырудың қажеті жоқ, тек өрескел қате кеткен, оқырманды жаңылыстыратын жерлерін түзеп беруге ден қойылады.
Ал енді жұртшылық оқитын, мазмұны маңызды, аса қажет, қате жіберуге, оқырманды жаңылыстыруға болмайтын, аударма сапасы жоғары мәтін шығару керек кездерде (мысалы, келісімшарттар, медициналық зерттеу құжаттары, маркетинг материалдары, мәдени-танымдық дүниелер, оқулықтар т.б.) ЖИ-дің «шатастырып, бүлдірген» жерлерін тәжірибелі аудармашы маман тексеріп, дұрыстап отыруы керек.

Әрі осындай жағдайда аудармашы тек тіл маманы ғана емес, сонымен қатар түрлі салалар тоғысындағы жобаларға араласып, талдау жасап, клиентке ақыл айтатын білікті кеңесші де болғаны абзал. Бұл процестегі ЖИ – оның көмекшісі.
Мәдени контекст пен стильге адалдықты, тіл байлығын сақтай отырып, түпнұсқа мәтін мағынасын дұрыс, дәл жеткізуде (көркем шығарма болса, түпнұсқаға барабар әсер қалдыруға ұмтылуда) тәжірибелі аудармашы мамандардың орны бөлек, олардың орнын біржола машина баса алмас.
Қазақ тіліндегі қисық аударма
Қазір, байқаймыз, қазақ тіліндегі аударма мәтіндердің денін ЖИ жасап бергенге ұқсайды: «сөйтетінін білемін, бірақ дәлелдей алмаймын» деген мем де шыққалы қашан. Сорақысы сол – сондай мәтіндерді машинадан өткізіп, үстірт өңдеп беріп отырған адам аударғаны үшін ақы алады. Жоғарыда айтқан бірінші санаттағы мәтін болса бір жөн. Жоқ, екінші категориядағы, яғни сапа керек санаттағы мәтінді бүлдіріп бергенін көріп жағаңды ұстайсың.

ЖИ болса, аудармашы керек емес деген пайымды көбіне осы кәсіптің қыр-сырын түсінбейтін әрі бизнестің осы жұмыс түріне жұмсайтын шығындарын азайтуға ұмтылған менеджерлер айтып жүр. Бір қынжылтатыны, сапасы нашар аударма жасап, тапсырып жүрген аудармашы мамандардың тірлігі сол менеджерлердің ұстанымын жоққа шығарып отырған жоқ, қайта қуаттап, «керек емес» деген тараптың қоржынына қосымша ұпай салып отыр.
ЖИ ауызша аударма нарығына да әсер етпей қоймады: адамның айтқанын сол сәтте тез, дәл, бірде-бір дерегін жоғалтпай аударып беретін ілеспе аударма жүйелері бар.
Бірақ жазбаша аудармаға қарағанда, бұл салада толықтай нейрондық жүйеге, «машинаға» сенім артып жатқандар көп емес. Шетелде дүкеншімен түсінісу, саудаласуға жарайтын аудиоқосымшалардың жөні бөлек, ал бизнесте серіктестермен келіссөз, мемлекетаралық байланыстарда ресми кездесулер өткізу кезінде, сотта, дәрігердің қабылдауында жасалатын ауызша аударманың жөні бөлек. Мүдделі тараптың мұндай қызмет түрлерін жансыз «машинаға» тапсыра салатыны екіталай.

Сотта сізді қорғап, ақтап шығу ісін ЖИ-ге тапсыра аласыз ба? Ойланбастан «иә» деп жауап беріп жатсаңыздар, онда амал жоқ, заңгердің кебін көп ұзамай аудармашылар да кимек деуге тура келеді.
Ал енді жауапты істе адамның – маманның көмегі қажет дегенге нық сенсеңіз, онда аудармашы кәсібі де әлі жасай бермек. Қалғанын уақыт көрсетер. Келе жатқан мереке құтты болсын!