Әзербайжандар Маңғыстауда әскери қызметшілерді іздеушілерге көмекке келді

Каспий теңізінде суға кеткен әскерилерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге әзербайжан диаспорасының өкілдері келді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ulysmedia ақпаратына қарағанда, олар іздеу операциясына қатысып жатқан адамдарға азық-түлік пен су жеткізген.
«Достлуг» диаспорасының өкілі Эльмир Шахсуваровтың айтуынша, Ақтауда тұратын әзербайжандар бұл жағдайға бей-жай қарамайды.
«Қайғылы оқиға туралы білген бойда қолымыздан келгенше көмектесу үшін бірден жеттік. Біз Ақтауда тұрып, жұмыс істейміз, сондықтан бұл жағдайға бейжай қарай алмадық. Әзербайжандар жиналып, әркім қолынан келгенше көмектесіп жатыр», – дейді ол.
Диаспора өкілдері азық-түлік пен су алып келген. Барлық қаза болғандар табылғанша осында болмақ. Өйткені, әзербайжан мен қазақтар бауырлас халық.
Шахсуваров сондай-ақ Ақтауға жақын жерде AZAL ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін қазақстандықтардың көрсеткен көмегін еске алды.
Бүгін Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 19 теңізшіні Каспий теңізінің ағысы алып кетті. Оның тоғызы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бас Прокуратура Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезіндегі тоғыз теңізшінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Сонымен бірге үкіметтік комиссия құрылды.