Алматыда Студенттер сарайының шатыры опырылып түскені хабарланды: ҚазҰУ не дейді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: threads

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы шатырының бір бөлігі опырылып түскені хабарланды, деп жазады Kursiv.Media.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерден нысан шатырының едәуір бөлігі бұзылып, құрылыс конструкцияларының опырылғанын көруге болады.

ҚазҰУ баспасөз қызметі Студенттер сарайын реконструкциялауға қатысты ресми мәлімдеме жасап, ғимараттың техникалық жағдайы туралы ақпарат таратты. Алайда опырылуға қатысты нақты түсінік бермеді.

Университет студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталғанын, шамамен 30 жылға жуық пайдаланылған ғимаратта осы уақытқа дейін күрделі жөндеу немесе реконструкция жүргізілмегенін атап өткен.

Ғимараттан қандай ақаулар анықталған?

2023 жылы аккредиттелген ұйым нысанның техникалық жағдайына сараптама жүргізген. Тексеру барысында темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің болмауы, жертөледегі кейбір темірбетон қабырғалардың жоқтығы, бағандардың коррозияға ұшырап, ішінара бұзылғаны анықталған.

Сондай-ақ құрама темірбетон бағандардың түйіскен жерлерінде қисаю, ригельдер мен бағандар түйіндерінің бұзылуы, кейбір бөліктерде тірек элементтерінің болмауы тіркелген. Қасбеттің жылу оқшаулау қабаты да толық бұзылып, шатырдың металл конструкцияларында коррозия мен жергілікті деформациялар анықталған.

Университет бұл ақаулардың бір бөлігін ішкі әрлеу жұмыстары бөлшектелмей тұрып көзбен анықтау мүмкін болмағанын атап өтті.

Фото: threads

Жер сілкінісінің әсері ме

Оқу орны қолданыстағы құрылыс нормалары бойынша ғимараттарға ағымдағы жөндеу әр 3–5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу кемінде 20–25 жылда бір рет жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар университет 2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аумақтарда тіркелген жер сілкіністері ұзақ уақыт пайдаланылған әрі зақымдары бар ғимарат конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.

ҚазҰУ Студенттер сарайының тарихи-мәдени және қоғамдық маңызын ескере отырып, нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Реконструкция кезіндегі басты міндет ретінде ғимарат конструкцияларының сенімділігін қалпына келтіру, студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету белгіленген.

Алайда университеттің мәлімдемесінде шатыр нақты қашан және қандай жағдайда опырылғаны, зардап шеккендердің бар-жоғы туралы ақпарат көрсетілмеген.

Толықтыру: Арада бірнеше сағат өткенде ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі оқиға төтенше жағдай емес, жоспарлы демонтаж екені туралы тағы бір мәлімдеме таратты.

«2026 жылдың 23 қыркүйегіне қараған түні Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатырын жоспарлы бөлшектеу (демонтаждау) жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқу процесіне кедергі келтірмеу мақсатында барлық жұмыс түнгі уақытта орындалды» делінген хабарламада.

Университет мердігерлер тарапынан қауіпсіздік шаралары толық сақталғанын, зардап шеккендер жоқ екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз