Астанада ер адам экс-әйелін пышақтап өлтірді

Астанада әйел адамға жасалған шабуыл өліммен аяқталды. Оқиға 23 қыркүйек күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Полицияның хабарлауынша, сағат 20:00 шамасында әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері әйелдің пышақталғанын анықтаған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Полицияның мәліметінше, әйелге пышақ жарақатын оның бұрынғы күйеуі салған. Күдікті көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Осы дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде күдікті полиция қызметкері екені туралы ақпарат тараған, алайда полиция оны терістеп отыр.
Қылмыстық істің тергеу барысы Астана қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында болады.
Осыған дейін Семейде 19 жастағы бойжеткен бұрынғы жігітінің қолынан қаза тапқан еді.