Астанада қазан айынан бастап электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

Елордада қазан айынан бастап электр қуатының орташа тарифі өсуі мүмкін. Бұл туралы «Астана-РЭК» өкілдері хабарлады.
Тариф соңғы рет жаз мезгілінде қайта қаралып, 5%-ға өсіп, киловатт-сағатына 32,74 теңгені құраған болатын.
Ал 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үшін баға керісінше 12%-ға арзандап, 24,94 теңгеден 22,04 теңгеге дейін төмендеді. Келесі қайта қарау кезінде тұрғындар тарифі 10%-ға өсті.
«Қазан айынан бастап орташа тариф 1 киловатт-сағат үшін 38,98 теңге деңгейінде болады. Бұл 1 шілдеден бастап қолданыста болған тарифтен 19,1%-ға жоғары. Ал «өзге де» тұтынушылар тобы үшін баға 44,40 теңгеге дейін, бюджеттік ұйымдар үшін 58,55 теңгеге дейін өседі», – делінген хабарламада.
KEGOC компаниясы да күзден бастап қызмет құнын көтеруді жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Ұлттық статистика бюросының шілде айындағы мәліметінше, ел бойынша 1 кВт·сағ электр энергиясының орташа бағасы 25,09 теңге болған.
Оқи отырыңыз: Тарифтер неліктен көтеріліп жатыр?