Астанада жолға таласқан екі ер адам 10 тәулікке қамауға алынды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Фото: «ҚазАвтоЖол», бильд-редактор: Дастан Шанай

Астанада жол үстінде туындаған жанжал кезінде бір-бірін балағаттаған екі ер адамға сот 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 23 қыркүйегінде болған. Ф. және Б. атты азаматтар жол жағдайына байланысты өзара сөзге келіп қалған. Жанжал барысында олар қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың тыныштығын кетірген.

Сот отырысында екі құқық бұзушы да кінәларын толық мойындап, бұған дейін бір-бірін танымайтынын түсіндірді.

«Құқық бұзушылық жасалғаны әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбамен және полиция қызметкерінің рапортымен расталды. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды, 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 5-тең 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуды көздейді», – деді елордалық сотта.

Сот жаза тағайындау кезінде кінәні мойындауын және құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Құқық бұзушылықтың сипатын, істің мән-жайын және кінәлілердің жеке басын ескере отырып, сот Ф. пен Б.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Сот қаулылары әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Рудныйда мас жүргізуші бағанаға соғылып, 20 тәулікке қамалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз