Астанада жыл басынан бері 63 бала терезеден құлап кеткен

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Астанада жыл басынан бері 63 бала терезеден құлап кеткен / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Астанада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 63 жағдай тіркелген. Оның 14-і өліммен аяқталған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қалалық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев айтуынша, зардап шеккендердің басым бөлігі – 2-4 жастағы балалар. Олардың жартысынан көбі – ұлдар. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі көктем-жаз айларында болып, шілде мен тамызда шарықтаған.

Полиция ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезеге арнайы блокираторлар орнатуды және жиһазды терезе маңына қоймауды ескертті. Сондай-ақ, балалардың терезе алды мен балконда ойнауына жол бермеу керек.

Марат Өмірбаев масаға қарсы торлардың да қауіпті екенін атап өтті. Оның айтуынша, балалардың терезеден құлау жағдайларының әр төртіншісі москит торына байланысты.

Астанада қауіпсіздік шаралары да жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті көпқабатты үйлерде 500-ден астам аралау өткізіп, 13 мыңнан астам жадынама таратқан. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне шамамен 1700 қауіпсіздік құлпы орнатылған.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 4 рет «Қауіпсіз терезе» профилактикалық акциясы ұйымдастырылған. Қыркүйектің 4-10 аралығында мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша акция өткізіліп, шамамен 150 блокиратор орнатылған.

Айта кетейік, қыркүйектің басында Семейде бір күнде екі бала терезеден құлап, біреуі қайтыс болған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз