Бозымбаев: Қайғылы оқиғаға себеп болған лауазымды тұлғалар қатаң түрде жауап береді

Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына көңіл айтқан.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасымен Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Құзырлы органдар қылмыстық істер қозғаған.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді Қанат Бозымбаев.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қомақты материалдық көмек көрсетіліп, қажетті қолдау жасалатынын айтты. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысы оның жеке бақылауында болады.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, бұған ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі себеп болған.
Іс-түссіз кеткен 17 адамның 12-і қайтыс болған. Екі әскери қызметкерді іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі де ақпаратты растап, қаза тапқандардың тізімін жария етті.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Каспий теңізінде оқу жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилер үшін 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.