Сәлима Ешанқұлова соттан әділ шешім шығаруын сұрады 

Жарияланды
фото: Kursiv.media Серікжан Ковланбаев

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның анасы Сәлима Ешанқұлова сотталушыға қатысты әділ шешім шығаруды сұрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Мен шындық пен әділдікті сұраймын. Сол үшін соттан әділ шешім шығаруды өтінемін. Егер жасалған әрекет бойынша заңда жауапкершілік көзделсе, кінәлі адам заң алдында жауап берсін. Ал егер сотталушы Сәуле Жұбаниязованың әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын. Сәуле Жұбаниязова – жалғызбасты ана, оның екі баласы бар. Мен де анамын. Тағдырдың жазуымен қызымнан айырылдым. Бірақ оның балаларының анасынан айырылғанын қаламаймын. Сондықтан, құрметті сот, істі жан-жақты қарап, барлық жағдайды таразылап, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», – деді Сәлима Ешанқұлова. 

Ол сот әділ шешім шығаратынына сенім артты. Қызы соңына дейін өзінің міндетін атқарып кеткенін жеткізді.

«Кім кінәлі болса – заң алдында жауап берсін, ал кім кінәсіз болса – заң оны қорғасын. Әділдік тек жазалау емес. Әділдік – әр адамның өз ісіне қарай заңды бағасын алуы. Шындық жасырын қалмасын, әділдікке қиянат жасалмасын. Ұлданамның мәңгілік мекені туралы сөздерді есту мен үшін өте ауыр. Ол қазір жанымда болмаса да, мәңгі жүрегімде қалады, есімі ел есінде болады. Қызым соңғы сәтіне дейін адам өмірін құтқаруды ойлады. Қауіп төніп тұрған адамдарды аман алып қалу – оның басты мақсаты болды. Ұлданам өз міндетін орындады.Бүгін мен ана ретінде соттан бір ғана нәрсе сұраймын: Ұлданам үшін шындықты, Ұлданам үшін әділдікті орнатыңыздар», – деді марқұмның анасы. 

Осыған дейін прокурор жарыссөзде 2 жыл бас бостандығынан шектеуді сұрады. Ал марқұмның экс-күйеуі судья дұрыс шешім шығаратынына сенетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз