«Ұлдананы қайтара алмаймыз»: Әділет Зейнел жарыссөзде өз ұстанымын жеткізді

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты соттағы жарыссөзде марқұмның экс-күйеуі Әділет Зейнел сөз сөйледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ол үйдің құрылысын бақылаған, нысанды қабылдаған немесе құрылыс жұмыстарына қатысқан адамдардың барлығын кінәлауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, құрылыс саласында жұмыс істейтін әр адам өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, жұмысты сапалы орындауы керек. Себебі елеусіз көрінетін кемшіліктің өзі ауыр салдарға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.
«Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз, құрметті сот. Қандай да бір үкім біз жоғалтқан адамды қайтара алмайды. Ұлдананы қайтара алмаймыз, 8 қарашаға да қайта орала алмаймыз. Болған жағдайды ештеңе өзгерте алмайды. Сондықтан шешімді соттың қарауына қалдырамыз. Сіздер дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл шешім үй салатын адамдар мен кәсіпкерлерге өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, оны сапалы атқарудың маңызын көрсетсе екен дейміз», – деді Әділет Зейнел.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушы Сәуле Жұбаниязованы 2 жылға бас бостандығынан шектеуді сұрады.