Каспий теңізінде тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінде екі әскери қызметшінің денесі табылды. Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандар саны 14 адамға жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media Atameken Business-ке сілтеме жасап.

Артынша ақпаратты Қорғанис министрлігі растап, Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы аяқталғанын жеткізді.

«Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды», делінген хабарламада.

Іздеу жұмыстарына 252 әскери қызметші, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және төрт тікұшақ жұмылдырылған.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен болатын. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз